Жасанды интеллектінің игілігі әскерге жетті.
Енді әскерге шақырылушының қай бөлімде қызмет ететінін жасанды жүйе анықтайды. Онда болашақ сарбаздың білімі, денсаулық жағдайы, психологиялық жай-күйі сараланып, оған сай келетін әскери бөлім тағайындалады. Дегенмен, соңғы шешімді комиссия мүшелері қабылдайды.
Әкенің қас-қабағы баланың бас сабағы. Қоғамда ұлды әуелі әкесі, сосын әскер тәрбиелейді деген жазылмаған тәмсіл бар. Қазіргі жас осы түсінік-пайымнан қаншалықты тәлім теріп жүргені белгісіз. Өйткені армия десе ат тонын ала қашатындар көбейген. Дегенмен, бес саусақ бірдей емес. Әскери өмірге өз еркімен келетін өрендер де бар. Солардың бірі Алматы облысының тумасы Еларман Мақсатұлы.
Еларман Мақсұтұлы, әскерге шақырылушы:
- Қарулы Күштердің қатарына кіре отырып, Отан алдындағы борышымды өтеу үшін келіп отырмын. Әр ер азаматтың басты парызы, міндеті – ол Отан алдындағы борышын өтеу. Менің ағам өз Отанының алдындағы борышын өтеп, әскери қызмет атқарды. Мен де сол сияқты атқарғым келеді.
Биыл бас-аяғы 43 мың жас Отан алдындағы борышын өтейді. Оның 21 мыңы көктемде қызметке кіріссе, қалғаны күзгі шақырылымда қатарға қабылданады.
Альберт Бекмұханов, ҚР ҚК БШ Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстар департаменті әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының бағыт аға офицері:
- Бүгінгі күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі 100 пайыз қамтылды. Сонымен қатар Ішкі істер органдарының Ұлттық ұлан әскери командалары, оған 71 пайыздан астам азамат әскери қызметке шақырылды. Содан кейінгі әскери қызметке шақырылатын Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери командалары, сонымен қатар мемлекеттік күзет қызметі. Ең соңынан аяқтайтын ҚР Қарулы Күштері.
Ал олардың қай бөлімде қызмет ететінін енді жасанды инттеллект анықтайды. Дене бітімі, білік, білімі, денсаулық жағдайы жасанды жүйеге еңгізіліп, нейрожелі сарбазға сай келетін әскери бөлімді анықтайды.
Альберт Бекмұханов, ҚР ҚК БШ Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстар департаменті Әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының бағыт аға офицері:
- ЖИ азаматтардың бүкіл ақпаратының барлығын осы жүйеге біріктірген. Білімі, денсаулық жағдайы, алған білімі, мамандықтары, тұрғылықты жері бойынша ақпараты осы жүйеде. Енді ЖИ мерзімді әскери қызметке шақырылушыларды іріктеу кезінде ұсыныс ретінде, яғни шақыру комиссиясының шешімін қабылдау кезінде оларға ықтимал мүмкіндіктерді береді. Ал шешімді қабылдайтын шақыру комиссиясының төрағасы және мүшелері.
Иә, қазір білекпен емес, біліммен күш сынасатын заман. Бірақ білектің де жайын қаперден қалыс қалдырмау қажет. Азаматтық борышыңды өтеу - әскери дайындықтан бөлек қоғамды құраушы жастардың жауапкершілігі үшін де маңызды болмақ.
Шернияз Жалғасбекұлы, Мадияр Қындыбаев
Тегтер #әскерге шақыру #азамат #жасанды интеллект жылы #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz