RU
Толық нұсқаға өту

Шымкентте мүдегек жандарға арналған 150 орындық оңалту орталығы ашылды

07.10.2026, 21:51 44

Шымкентте мүгедектігі бар азаматтарға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысы аяқталды.

Бозарық шағын ауданында бой көтерген әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қызмет көрсету мүмкіндіктерімен танысты. Айта кетейік, ауқымды жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес заманауи оңалту орталықтарының желісін дамыту аясында жүзеге асырылды.

Заманауи кешен бес блоктан тұрады. Ал ғимараттың жалпы көлемі 22 мың шаршы метрге жетеді. Мұнда медициналық, спорттық және әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіліп, уақытша тұруға арналған стационар қарастырылған. Қазір нысанды қабылдау жұмыстары пысықталып жатыр.

Айдын Нәшенов, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Құрылыс жалпы 2024 жылдың желтоқсан айында басталып, міне мерзімінен бірнеше ай бұрын ертерек аяқталуда. Кепілдік мерзімі 7 жыл болып есептеледі. Темір-бетон конструкцияларға, ғимараттың қасбетіне, шатырына деген сияқты. Инженерлік желілеріне.

Әлеуметтік нысанды аралаған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мердігердің жұмысына ризашылығын білдіріп, Президент тапсырмасының маңыздылығына тоқталды. Енді I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар қолайлы жағдайда оңалтудан өтіп, денсаулығын қалпына келтіруге және белсенді өмір салтына бейімделуге мүмкіндік алады.

Жандос Бердиев, қалалық оңалту орталығы басшысының орынбасары:

- Қаламызда 4,5 мыңнан астам I және II топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Қажеттілігіне байланысты бір мезетте 150 қызмет алушыны қабылдауға дайын ғимарат болып отыр. 8 бағыт бойынша қызмет көрсетеміз.

Ол үшін орталық отандық және шетелдік озық үлгідегі заманауи техникалармен қамтамасыз етіліп, емдік-сауықтырудың жаңа терепиялары енгізілді.

Ержігіт Сағынбеков, ASAP-S компаниясының өкілі:

- Буынды орнына қайтадан келтіру мақсатында жұмыс істейтін апараттар және де терапия, физиоаппараттар, УЗИ аппараттар келді. Рентген аппараты бар.

Жаңа нысан Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қарамағына беріліп, жақында алғашқы келушілерді қабылдайды. Оған дейін тиісті лицензиялар рәсімделіп, жолдама беру жағы реттелмек.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz