Ақтөбе облысында биыл тұрақтандыру қорына 12 мың тонна өнім сақталады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым бөлігін жергілікті бағбандар өсірген. Өңірде қазір күзгі жиын-терім науқаны аяқталуға жақын. Шаруалар картоп, сәбіз, қырыққабат пен күнбағыс майын қамбаға өткізіп жатыр.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Тұрақтандыру қорының қамбасында қазір 3 мың тоннадан астам картоп бар. Алқаптан жиналған көкөніс кептіріліп, қысқа сақтауға дайындалып жатыр. Бұдан бөлек сәбіз бен пияз, қырыққабат жеткізу жоспарланған. Қыстық азық қорын жинап жатқан жауапты мамандар әлеуметтік дүкендерде көкөніс қыс бойы үзілмейтіндей етуді көздеген.
Тимур Биманов, «Ақтөбе» ӘКК» департамент директоры:
- Жергілікті бюджеттен 5,2 миллиард теңге бөлініп, 10 мың тоннаға жуық көкөніс өнімдері сатып алынды. Нақтырақ айтқанла 8600 тонна картоп, 1400 тонна пияз, 2000 тонна сәбіз, 1172 тонна қырыққабат жеткізіледі. Тауардың барлығы жергілікті шаруалардың өнімі. Сондай-ақ бағаны тұрақтандыру үшін 20 тонна күнбағыс майы мен 14 миллион дана астам жұмыртқа әлеуметтік сауда сөрелеріне жеткізіледі.
Тұрақтандыру қорын жасақтау жұмысы көктемде басталды. Шаруалар тұқым мен қажетті жанар-жағармай, тыңайтқышты дер кезінде сатып алу үшін төлемақының бір бөлігі алдын ала аударылды. Ал көкөністің сапасын арнайы комиссия тексеріп, қабылдап алады.
Берік Хамитов, шаруа қожалығының директоры:
- Күзгі жиын-терімді жалғастырып жатырмыз. Тұрақтандыру қорына азық-түлік жеткізуді сеніп тапсырғандықтан біздер өнімнің сапасына ерекше көңіл бөлеміз. Қазан айының соңында ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы өкілдерімен бірлесіп, қоймадағы картоп пен өзге де көкөністі тексеру жоспарланып отыр. Біздің міндетіміз өңір тұрғындарын бүкіл маусымаралық кезеңде сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Қазіргі таңда қоймада көкөністен бөлек 286 тонна қант, 10 тонна күнбағыс майы және 272 тонна күріш сақтаулы. Бакалея өнімдері оңтүстік өңірден жеткізіледі. Сақтандыру қорының тауарлары қазан-қараша айларында әлеуметтік дүкендерде сатылады.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов
Тегтер #Ақтөбе облысы #тұрақтандыру қоры #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz