«Бидайық» су қоймасы жаңғыртылып жатыр. Жасанды көлдің стратегиялық маңызы зор. Бұл қойма Жаңаарқадағы 20 мың тұрғынды тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды 24KZ.
Отыз жылдан бері жөндеу көрмеген нысанның айналасын кейінде қамыс басып, құрылғылары тоза бастаған еді. «Енді сыйымдылығы екі есеге дейін артады», – дейді мамандар.
Жалпы елде 2030-шы жылға дейін 42 жаңа су қоймасын салу, 37 нысан мен 14 мың шақырым каналды жаңғырту жоспары бар. Өзен-көлдер мен тоғандардың цифрлық картасы жасалған.
Жаңаарқа ауданының басым бөлігі шөлейтті. Шағын өзендердің көбі жаздың ортасында тартылып қалады. Сондықтан көктемде еріген қар суын жинап алу маңызды. Дегенмен соңғы жылдары «Бидайық» су қоймасын толтыру қиындап кетті. Ескірген тоғанның сыйымдылығы аз. Нысанды жаңғырту биыл көктемде басталды. Облыс бюджетінен 1 млрд 400 млн теңге бөлінді.
Юрий Яхнев, мердігер компания өкілі:
– Алдымен су қоймасының айналасын тазалап шықтық. Апатты жағдайда артық суды ағызып жіберетін шлюздерді жаңартып жатырмыз. Қоймаға түскен суды ұстап тұратын бөгеттің ұзындығы шамамен бір жарым шақырым. Ол темір-бетон плиталармен бекітілді.
Су қоймасы Сарысу өзені арнасында тұр. Өзеннен бөлек, көктем айларында еріген қар суы есебінен толығады.
Елдос Кәкенов, тілші:
– Қазір мұнда шамамен 5 млн текше метр су бар. Жаңғырту жұмыстарынан соң, су қоймасының сыйымдылығы екі есеге дейін артады. Ол үшін суды бөгейтін гидроқұрылыс бір жарым метрге дейін биіктетіліп жатыр.
Облыстың құрылуымен өңірдегі өзен-көлдер мен тоғандардың цифрлық картасы жасалды. Аймақта ірілі-ұсақты 25 су қоймасы бар. Кеңгір, Жезді секілді ірілері республикалық "Қазсушар" кәсіпорнының меншігінде. «Ал облысқа қарасты шағын тоғандар кезең-кезеңімен жаңғыртылады», – дейді жауаптылар.
Ербол Құсайынов, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
– Одан басқа 20 тоған бар. Олардың барлығы коммуналдық меншікте. Оның ішінде күрделі жөндеу қажет ететін төртеуі бар. Олар: Пионер бөгеті, Ақтайлақ бөгеті, Ұлытау бөгеті, Ақтас бөгеті. Осы төрт бөгетке ақша қарастырып отырмыз. Көпсалалы зерттеу жүргіземіз. Нәтижесінде қандай жұмыстар атқарылатыны анықталады.
Жаңғыртудан соң тоған суын егін шаруашылығына пайдалану көзделіп отыр. Мамандар: "Шамамен 10 мың гектар суармалы егістік алқабын құруға мүмкіндік болады", - дейді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов
Тегтер #Бидайық #су қоймасы #жаңғырты жұмыстары #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz