RU
Толық нұсқаға өту

Павлодар облысындағы жатақханаларда оннан астам өрт тіркелді

08.10.2026, 08:17 58

Жыл басынан бері Павлодар облысындағы жатақханаларда оннан астам өрт оқиғасы тіркелді. Осыған орай Төтенше жағдайлар департаменті жылыту маусымы қарсаңында оқыс оқиғаның алдын алу жұмыстарын күшейтті. «Жатақхана» акциясы аясында департамент қызметкерлері эвакуациялық жолдарды, өрт сөндіргіштердің жарамдылығын және ортақ пайдаланылатын орындардың жағдайын тексеруге кірісті, деп хабарлайды 24KZ.


«Өрт - тілсіз жау» десек, оған әркез дайын болған абзал. Сондықтан апатты жағдайда ғимараттан шығатын жол үнемі ашық болуы керек. Рейд барысында құтқарушылар ең алдымен дәліздер мен баспалдақ алаңдарын тексерді. Бұл жатақханадан төтеншеліктер көптеген заңбұзушылық анықтады. Атап айтқанда, өрт гидранттары орнатылмаған, ал эвакуациялық есік құлыптаулы тұр. Құтқарушылар есіктің не себепті жабық тұрғанын сұрағанда қызмет көрсетуші ұйым өкілінің уәжі мардымсыз болып шықты.

Бұл ғимаратта екі жүзден астам адам тұрады. Олардың өмірі мен қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Департамент мамандары ПИК төрағасына өрт қауіпсіздігі талаптарын орындауды және анықталған барлық кемшіліктерді суық түскенге дейін жоюды міндеттеді.

Арман Арын, Павлодар қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары:

– Бізде ең басты мәселе – электр сымдарының ақаулығы. Одан кейін баспалдақ алаңының түрлі заттармен жабылуы. Егер өрт туындайтын болса, бұл жақтан адамдар сыртқа шыға алмайды.

Ғимараттарда қарапайым қауіпсіздік қағидаларының сақталмауы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан рейд барысында құтқарушылар түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берді. «Жатақхана» профилактикалық акциясы өңірде жылыту маусымы аяқталғанға дейін жалғасады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Валентина Леонова, Дәулет Қошқарбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz