Қарағанды облысында жүк көлігіне жалған мемлекеттік нөмір таққан 35 жастағы жүргізуші әкімшілік қамауға алынып, бір жылға көлік басқару құқығынан айырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Оқиға 7 қазанда Астана – Қарағанды автожолында болған. QAJ жүйесі Қарағанды бағытында келе жатқан DAF жүк көлігінен күмәнді белгі анықтап, ақпарат патрульдік полиция қызметкерлеріне берілген.
Полицейлер автожолдың 111-шақырымында, Осакаровка кентінің маңында көлікті тоқтатты. Тексеру кезінде жүк көлігінде Қазақстан мен Грузияның мемлекеттік нөмірлері қатар тұрғаны анықталды. Осылайша жүргізуші көліктің нақты тіркеу деректерін жасыруға тырысқан.
Жүк көлігі арнайы тұраққа қойылды. Істі Осакаров аудандық соты қарап, жүргізушіге әкімшілік қамау жазасын тағайындады және бір жылға көлік басқару құқығынан айырды.
Қарағанды облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұхановтың айтуынша, полиция жалған мемлекеттік нөмір таққан көліктерді анықтауға ерекше мән береді.
Бұл жағдайда QAJ жүйесінен түскен ақпарат патрульдік экипаждарға көлікті дер кезінде анықтап, тоқтатуға мүмкіндік берді. Тексеру барысында Қазақстан нөмірлерінің үстіне Грузияның нөмірлік белгілері орнатылғаны анықталды. Мұндай әрекеттер жауапсыз қалмайды, – деді Медет Нұрмұханов.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері Қарағанды облысында жалған мемлекеттік нөмір пайдаланған 87 жүргізуші анықталған. Әрбір дерек бойынша заңға сәйкес шара қабылданған.
Полиция көлік нөмірін ауыстыру, жасыру немесе жалған мемлекеттік нөмір пайдалану заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Мұндай заң бұзушылықтарды анықтау үшін жолдарда автоматтандырылған бақылау жүйелері қолданылып жатыр
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #Қарағанды облысы #Жалған нөмірPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz