RU
Толық нұсқаға өту

Балқаш әуежайы жаңғыртылып, туристік кіріс 4 млрд теңгеден асты

08.10.2026, 19:05 57

Биыл Балқашқа шамамен 200 мың адам демалуға келген. Туристік қызметтен түскен кіріс 4 млрд теңгеден асты. Шалғайдағы шағын қаланың тартымдылығы артты, деп хабарлайды 24KZ.

Себебі көлік және инженерлік инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр. Сонымен қатар өндіріс орындары жаңа бағыттарды игеріп, шағын және орта бизнес дамып, қала экономикасы әртараптанып келеді. Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің моноқалаларды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жұмыстардың орындалу барысымен танысты.

Балқаш әуежайы жаңғыртудан өтті

Премьер-министр алдымен жаңғыртудан өткен Балқаш әуежайындағы жұмыстарды көрді. Стратегиялық нысан қайтарылған активтер есебінен күрделі жөнделіп, заманауи үлгіде жабдықталды. Қазір халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетеді. Мұнда елдің ең үлкен екі мегаполисіне әуе рейстері қатынайды.

Мейрамбек Мырзахметов, «Балқаш әуежайы» ЖШС директоры:

- Балқаш әуежайы өз жұмысын 2026 жылдың 1 маусымынан бастап қайта бастады. Қайта құру нәтижесінде әуежай инфрақұрылымы қайта жаңартылды. Ұшу қауіпсіздігі деңгейі артты. Сондай-ақ жолаушыларға қызмет көрсету үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Жаңа арнайы техниканың 11 бірлігі сатып алынды.

Биыл өңірде 643 шақырым жол жөнделді

Былтыр өңірде «Қарағанды – Балқаш» және «Қарағанды – Қарқаралы» автомобиль жолдарының құрылысы аяқталып, ел қазір игілігін көріп отыр. Биыл ұзындығы 457 шақырым болатын «Қарағанды – Жезқазған» тасжолын жөндеу жұмысы басталды. Облыс бойынша жазғы маусымда 643 шақырым автожол жөнделді. Алдағы үш жылда жол инфрақұрылымының нормативтік жағдайын 97%-ға дейін жақсарту көзделген.

Облыстың өнеркәсіп саласында даму көрсеткіші өсіп келеді. Тоғыз айда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3,7 трлн теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 4,7%-ға артты. Облыс өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі бойынша Қазақстанда екінші орында тұр. Премьер –министр Қаратас мыс кен орнындағы геологиялық барлау жұмыстарымен және жер қойнауын зерттеуде қолданылатын заманауи технологиялармен танысты.

Қала құраушы кәсіпорынның әлеуеті артты

Премьер-министр Балқаштағы қала құраушы кәсіпорындарды да аралады. 1938 жылдан бері жұмыс істеп тұрған металлургиялық кешен елдегі барлық катодты мыс өндірісінің шамамен 51%-ын қамтамасыз етеді. Мұнда жаңа мыс қорыту зауытын салу жөніндегі ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде ел бойынша жылына 800 мың тоннадан астам мыс өндіріледі. Сонымен қатар зауыт аумағындағы кеңейтілген талдау зертханасының мүмкіндігін көрді.

Бекасыл Аукешов, Қазақстан және Каспий маңы өңірі бойынша бизнес-менеджер:

– Құрамында алтын, күміс, темір, күкір және басқа да элементтері бар тау жыныстары, кендері, оның ішінде шикізаттар мен концентраттарды анықтайтын зертхана бүгінгі күнде жұмыс істейді. Оған қоса анодтық, катодтық қара мыс және мыстың сынамаларын, сапаларын және құрамын зертханада анықтаймыз.

Облыста инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр

Балқаштағы коммуналдық-энергетикалық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға, адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға басымдық берілген. Жылу электр орталығында құны 30,3 млрд теңге болатын №5 қазандық агрегатының құрылысы жүріп жатыр. Ал қаладағы көп салалы аурухана қайтарылған активтер есебінен толық жаңғыртылды. Медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, жаңа операциялық бөлімдер ашылды. Жұмыс сапарының соңында Премьер-министр Balkhash индустриялық аймағында жүзеге асырылып жатқан туристік жобалармен, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жоспарларымен танысты. Биыл жалпы инвестиция көлемі 5,3 млрд теңге болатын алты жаңа демалыс аймағы ашылды.

Авторы: Руслан Нұрланұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz