Келер жылы Қазақстан энергия тапшылығынан құтылмақ. Бұл туралы жауапты министрлік мәлімдеді. Сонымен қатар бұл мәселені 2029 жылы түбегейлі шешеміз деп отыр. Бұл үшін елде ескі станциялар жөнделіп, жаңа өндіріс орындары салынып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Биылдың өзінде елде екі жарым гигаватт шамасында жаңа қуат көзін іске қосу жоспарланған. Ірі жобалардың ішінде Қызылордадағы бу-газ қондырғысы бар. Текелідегі кешенді жаңғырту жұмыстары аяқталып, нәтижесінде оның қуаты 53 мегаваттқа артты. Сонымен қатар жаңа энергетикалық нысандарды салып, ескілерін кеңейту жоспарланған. Тағы 4 бу-газ қондырғысы мен 4 жел және 5 күн электр станциясын іске қосу жоспарланған.
Аман Боранбай, ҚР Энергетика министрлігі Электр энергетикасын дамыту департаменті директорының орынбасары:
– 2029 жылға дейін 13 гигаватт қуат көзін қоланысқа беру арқылы тапшылықты жою жоспарланған. Сонымен қатар осы қуаттарды электр желісіне тиімді біріктіру үшін қазіргі уақытта ұлттық электр желісін дамыту жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Яғни жаңа станциялар салу мәселені шешпейді. Қолданыстағы инфрақұрылымды ретке келтіру де маңызды. Сондықтан елде жұмыс істеп тұрған нысандардағы қондырғылар жаңартылып жатыр. Бүгінге дейін 20 энергоблок, 118 қазандық пен 84 турбина күрделі жөндеуден өтті. Бұл стансалардың тозу көрсеткішін 56 пайыздан 52-ге дейін түсірді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жүріп жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жобалардың игілігі алдағы жылдардағы сұранысты ғана қанағаттандырмауы керек. Бастамалар елдегі энергетика жүйесінің берік іргетасына айналуға тиіс.
Жақып Хайрушев, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі:
- Екі бірдей ұлттық жоба бекітілді. Оларға триллиондаған теңге бөлініп отыр. Бұл қаражаттың барлығы электр станцияларына, табиғи монополия нысандарын салуға жұмсалуы керек. Бұл ақша 2029 жылға дейін елдегі инфрақұрылымның тозу көрсеткішін 15 пайызға дейін төмендетеді. Содан кейін бұл жобалар саланы тұрақты дамытуға бағытталады деп санаймын.
2027 жылы 845 мегаватт қуат көзін іске қосуды жоспарланған. Үкіметтің есебі бойынша бұл елдегі сұранысты толық қанағаттандырып, қосымша бір жарым киловатт сағат болатын қор қалыптастыруы керек. Ал 2035 жылға қарай қуаттылық мөлшерін сегіз жарым гигаваттқа дейін жеткізу көзделген. Ол үшін қолданыстағы нысандар жаңғыртылып, жаңа өндіріс орындары салынады. Осылайша, тапшылықты жойып қана қоймай, энергияны артығымен өндіру деңгейіне жету жоспарланып отыр.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Артем Грапов
Тегтер #24KZ #энергия тапшылығы #Энергетика министрлігі #электр желілеріPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz