Биыл осыған қатысты заң қабылданды.
Құжатқа сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың қаржылық дербестігі артып, республикалық бюджетке тәуелділігі азаяды. Бірақ жаңа мүмкіндіктермен бірге жауапкершілік те күшейеді. Енді әкімдер жыл сайын халық алдында есеп беріп, елді мекенді дамыту жоспарын ұсынуға міндетті.
Асыл Жамалбеков Қарнақ ауылдық округінің жас әкімі. Бұл қызметті ол 2025 жылдан бері атқарып келеді. Қазір оның қарамағында Қарнақ пен Құшата елді мекендері бар. Әкім тұрғындарды мазалайтын ауыз су, жарықтандыру, жол және абаттандыру сынды мәселелермен күнделікті айналысады.
Асыл Жамалбеков, Қарнақ ауылдық округінің әкімі:
- Бұл жердегі әкім болудағы басты мақсатым - ауыл тұрғындарының әл-ауқаты мен инфраструктураны жақсарту мақсатында білім саласы болсын, кәсіп саласы болсын, денсаулық саласы болсын, барлық жағынан барынша қолдау білдіріп, соларды әрі қарай дамыту. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бір ойын алаңын жасадық және де мынау салынып жатқан футбол стадионы, өзіміздің бюджеттен іске асырып жатырмыз. Құшатай елді мекенінде ойын алаңы мүлдем болмаған. Мақтанамыз осындай қызмет жасап, осындай нәрселерді алып келгеніміз.
Жергілікті инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін қомақты қаражат қажет. Бұған дейін елді мекендер республикалық бюджетке тәуелді болса, өзгерген заңға сәйкес олардың жеке қаражаты көбейеді.
Мақсұт Құрықбаев, ҚР ҰЭМ Өңірлерді талдау және жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту департаменті директорының орынбасары:
- Ауыл бюджетіне келесі жылдан бастап салықтың түрлері түсетін болады. Бірінші, ол заңды және дара кәсіпкерлердің мүлік салығы, лицензиялық алымдар және экологиялық айыппұлдар ауыл бюджетінің қорын құрайтын болады.
Дариға Ташенова, тілші:
- Былтыр елдегі барлық ауылдың бюджеті бас-аяғы 442 миллиард теңге болды. Оның 33 пайызы, яғни шамамен 147 миллиард теңгесі - дербес қаражат. Ал келер жылы бұл көрсеткішті шамамен 80 пайызға жеткізу көзделген. Осылайша ауыл әкімдері республикалық бюджетті күтпей, қолындағы қаржысын қажетіне қарай жұмсай алады.
Мамандардың айтуынша, жаңа түсімдермен қатар әкімдер қосымша қаржы көздерін іздеп, жергілікті бюджетті толықтыруға күш салуы керек.
Марғұлан Ермағанбетұлы, саясаттанушы:
- Салықтық емес түсімдердің ішінде олар кәсіпорындарды ашып, кәсіпорыннан түскен қаражаттардан жергілікті бюджетті толтырып, содан ауылды көркейту бағытында жұмыс істей алады әкімдер. Берілген өкілеттіктерді әкімдер заң аясында іске асыру керек.
Қомақты қаржы бар жерде, қатаң жауапкершілік болуы заңдылық. Енді ауыл әкімдері жыл сайын тұрғындарға сайлауалды бағдарламасының орындалуы туралы есеп береді. Сонымен қатар елді мекеннің даму жоспарын әзірлеп, оны халыққа таныстыруы керек.
Мақсұт Құрықбаев, ҚР ҰЭМ өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаменті директорының орынбасары:
- Ауыл деңгейінде жаңа құжат енгізілді. Бұл Ауылды дамыту жоспары. Ол ауылдың негізгі проблемалары, ауылды дамытудың негізгі бағыттары, нақты іс-шаралар, қаржыландыру көздері, күтілетін нәтижелер енгізілетін болады. Аталған құжатты әзірлеу методикасын біз жақын арада қабылдадық. Күшіне енгеннен бастап әкімдер оны әзірлеу бойынша жұмыстарды бастайтын болады.
Бұдан бөлек әкімдер жергілікті қоғамдастық жиынын өткізуге бастамашылық жасап, қатысушылардың басым бөлігінің шешімімен оны тарата алады. Сондай-ақ оларға мемлекеттік органдар, архив және ғылыми мекемелердің цифрлық деректер базаларын пайдалануға мүмкіндік беріледі.
Дариға Ташенова, Жандос Жұмабек, Мерей Талап, Искандер Серғалиев
Тегтер #ауыл әкімдері #өкілеттік #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz