Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғыны интернет-алаяқтардың құрығына іліне жаздады. Қызметтен тыс уақытта жүрген полиция қызметкерінің қырағылығының арқасында 59 жастағы әйел 5 миллион теңге көлеміндегі қаржылық шығыннан аман қалды, деп хабарлайды «24KZ».
Оқиға сәтінде Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкері Шерхан Қалтұрсын банк терминалының маңында күмәнді қаржылық операция жасап жатқан әйелді байқаған. Жағдайдың мән-жайын білу мақсатында тәртіп сақшысы оған жақындап, мәселені анықтауға кіріскен.
Анықталғандай, бейтаныс алаяқтар әйелге телефон арқылы хабарласып, оның туыстарына пошта арқылы сыйлық келгенін айтқан. Психологиялық айла-әсірлерді қолданған алаяқтар жәбірленушінің сеніміне толықтай кіріп, ұялы телефонына келген құпия растау кодын алдап сұрап алған. Осыдан соң олар әйелдің атына сырттай 5 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп, ақшаны өз шоттарына аударып алмақ болған. Алаяқтардың сөзіне сенген әйел олардың нұсқауымен банкке барған болатын.
Алайда жағдайдың мәнін тез аңғарған тәртіп сақшысы оған алаяқтардың арбауына түскенін нақты дәлелдермен түсіндіріп, күмәнді қаржылық операцияны дер кезінде тоқтатуға көмектесті. Осылайша алаяқтардың арбауынан тағы бір тұрғын аман қалды.
Тегтер #Мақтаарал #Түркістан облысы #алаяқтардың арбауы #24жаңалықтар #24KZ #интернет алаяқтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz