Бүгін Шығыс Қазақстанда «Шығыс Салбурыны» фестивалі басталды. Қазақстан, Испания, Моңғолия, Түркия, Венгрия, Ресей, Грузия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан елінен жиналған 170-тен астам қатысушы екі күн бойы бүркітшілердің 1-ші ашық Азия кубогі үшін бақ сынасады. Өлкеде осымен алтыншы рет өтіп отырған бұл байқау ұлттық рух сіңген саятшылық өнерін төрткүл дүниеге паш етуге бағытталған мәдени басқосуға айналып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Эльмира Ахметова, тілші:
– ««Шығыс Салбурыны» бүркіт төбесінде ең үздік құсбегілерді тағы да бір мәрте жинады. Жалпы әр елден келген 170-тен астам құсбегі мен сонша құс қатысып жатыр. Күн райының қолайсыздығына қарамастан, ашылу салтанаты өз деңгейінде өтті. Алдымен құстарды шырғаға шақыру жарысы ұйымдастырылды. Бұл сайысқа облыс атынан қатысқан бүркітші Айзеренің бүркіті іріктеу кезеңінен өте алмай қалды. Бұған жауын-шашынның кері әсері тиген сияқты.
Айзере Марксқызы, сайысқа қатысушы:
– Шақырудан өте алмай қалды, бүркітті жел аударып кетті. Құсбегілер өте жақсы дайындалған, бақталастық та жақсы өтіп жатыр.
Төрешілер құрамы шырғаға шақырудан бастап, құстардың аңға түсуіне дейін мұқият қадағалауда. Кәсіби бүркітшілердің айтуынша, құсбегілерге сайыс оңай тиіп жатқан жоқ.
Айшолпан Нұрғайыпқызы, бүркітші:
– Бүркіт сайысы өтетін жерде жел де, жаңбыр да, қар да болады. Өйткені бұл – табиғат заңдылығы. Соған қарамастан, сайыс әрі қарай жалғаса береді. Мұнда тек бүркіттер ғана емес, қаршығалар да бар.
Биылғы Салбуырынның бір ерекшелігі – бұл жерде тек құстар ғана емес, құсбегілердің өздері де сынға алынып жатыр. Әр елден келген қатысушылар киімі жұрт назарына ұсынылды. Мәселен, Түркиядан келген қатысушының киім үлгісі көпшілікті тәнті етті.
Недим Мутлу, бүркітші:
– Қазақстанды жақсы көремін. Мұнда төртінші рет келіп тұрмын. Бұл жақта ағайындарым көп. Сондықтан мен үшін бұл жарыс қана емес, достарыммен кездесу.
Салбурын тек сайыс емес, саятшылықты насихаттайтын ұлттық мерекеге айналды. Мұнда тіпті Моңғолиядан атпен келіп қатысып жатқандар бар. Бұл фестивальдің мәртебесі жылдан-жылға артып келе жатқанын байқатса керек.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #ШҚО #Шығыс салбурыны #фестивальPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz