Электромобильдер мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы мысқа, литийге және сирек жер элементтеріне деген сұранысты еселеп арттырды. Енді елдер үшін кен қорына ие болу аздық етеді. Басты мақсат – шикізатты өз аумағында өңдеп, дайын өнімге дейін жеткізетін өндіріс жүйесін қалыптастыру. Еуроодақ, АҚШ пен Канада бұл бағытқа миллиардтаған инвестиция құйып, сыртқы жеткізілімге тәуелділікті азайтуды қолға алды. Стратегиялық шикізат үшін жаһандық бәсеке қалай өрбіп жатыр? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Технология дамыған сайын стратегиялық элементтерге сұраныс күшейіп келеді. S&P Global болжамынша, 2040 жылға қарай әлемде мысқа деген жылдық сұраныс 2025 жылмен салыстырғанда 50 пайызға артып, 42 млн тоннаға жетуі мүмкін. Бұған электромобиль өндірісінің ұлғаюы, электр желілерінің кеңеюі және жасанды интеллектке арналған деректер орталықтарының көбеюі әсер етіп отыр. Алайда оны өтеу үшін кенді көбірек өндірудің өзі жеткіліксіз. Шикізатты тазартып, өнеркәсіпке қажетті материалға айналдыратын өңдеу қуаты да қатар өсуі керек. Сондықтан қазір көп ел өндірісті өз аумағында дамытуға күш салып жатыр.
Мигель Нарваэс, Anglo American компаниясының Перудегі аумақтық даму жөніндегі жетекшісі:
– Бүгінде әлемдік нарық маңызды кезеңде тұр. Мыстың стратегиялық маңызы артып келеді. Бұған дейін пайдалы қазбаларды өндіруге басымдық берілсе, қазір мұндай тәсіл жеткіліксіз. Толық өндірістік тізбек құру қажет.
Сарапшылар стратегиялық минералдардың әлемдік жеткізілімі жекелеген елдердің өндірістік әлеуетіне байланысты екенін айтады. Халықаралық энергетика агенттігінің дерегінше, магнит өндірісіне қажет сирек жер элементтерінің шамамен 60 пайызы Қытайда өндіріледі, ал өңдеудегі үлесі 91 пайызға жуықтайды. Тұрақты магнит өндірісінде бұл көрсеткіш одан да жоғары. Мұндай өндірістік база ондаған жыл бойы қалыптасқан. «Сондықтан жаңа өндіріс орындарын іске қосу үшін уақыт пен ірі инвестиция қажет», – дейді мамандар.
Франческо Галло, Itelyum компаниясының операциялық директоры:
– Еуропада сирек жер элементтері тапшы. Ал оларды пайдаланатын құрылғыларды өндіру үшін қажетті шикізат жеткіліксіз. Сондықтан барлық ел тұрақты жеткізу көздерін табуға мүдделі. Қазіргі таңда бұл салада басты экспорттаушы ел – Қытай. Бұл Еуропа үшін балама көздер мен жаңа өңдеу қуатын дамыту мәселесін алға шығарды.
Осыған байланысты Еуроодақ салаға ірі инвестиция құюды қолға алды. Одақтың 2024 жылы бекіткен межесіне сәйкес 2030 жылға қарай стратегиялық шикізатқа деген жылдық сұраныстың кемінде 10 пайызын өз аумағында өндіруді, 40 пайыз өңдеуді және 25 пайызын қайта өңдеуден алуды көздейді. АҚШ та өңдеу қуатын ұлғайтуға қаржы салып жатыр. Пентагон импортқа тәуелділікті ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатер деп бағалайды. Өйткені бұл материалдар зымырандар, жойғыш ұшақтар, радарлар мен суасты қайықтарын жасап шығаруда қолданылады. Өндіріс көлемін арттыру үшін билік жергілікті Phoenix Tailings компаниясына 500 млн доллар көлемінде қаржы бөлді.
Энтони Балладон, Phoenix Tailings компаниясының коммерциялық директоры:
– Біз Қорғаныс министрлігінің Стратегиялық капитал басқармасымен бірлесіп, құны 1 миллиард доллар болатын зауыт салу жобасын қолға алдық. Бұл – сирек жер элементтерін өңдеу саласындағы ел әлеуетін арттыруға бағытталған ірі жоба. Бастама АҚШ пен оның одақтастары үшін де маңызды.
Бұл бағытта халықаралық серіктестікті нығайту көзделіп отыр. Мәселен, Канада Еуропамен сирек минералдарды бірлесіп өндіру және өңдеу бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр. Елде осындай ондаған минералдың қоры бар. Бұл Еуропаға шикізат жеткізуді әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Марк Карни, Канада премьер-министрі:
– Канадада аса маңызды 34 минералдың қоры бар. Біз стратегиялық энергетикалық минералдарды өндіруден жетекші елдердің қатарындамыз. Серіктестігіміз екі ел үшін де тиімді.
Дегенмен бұл жобалар мен келісімдердің іске асып, нәтиже беруі бірнеше жылға созылуы мүмкін. Осыған байланысты қайта өңдеудің де өзектілігі артты. Бірақ бүгінде Еуропада пайдаланылған сирек жер элементтерінің бір пайызы ғана қайта өңделеді. Бұл үлесті 2030 жылға қарай кемінде 25 пайызға жеткізу көзделген.
Автор: Әйгерім Ардаққызы
Тегтер #ЖИ #шикізат #сұраныс #жаһандық бәсеке #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz