Алматылықтар таңертең және кешкі уақытта қоғамдық көліктің жетіспейтініне шағымдануда. Аялдамаларда жолаушылар легі көп, келген автобустардың өзі үнемі лық толы болады. Соның салдарынан қала тұрғындары ұзақ күтуге немесе бірнеше автобусты өткізіп жіберуге мәжбүр. Биыл қоғамдық көлікке жаңа бағыттар да қосылды. Дегенмен мәселе шешімін таппай отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
– Қазір сағат 08:00. Тұрғындардың жұмысқа және сабаққа ағылатын кезі. Бұл – Төле би мен Бауыржан Момышұлы көшелерінің қиылысы. Қала сыртынан қатынайтын тұрғындар дәл осы жерден қоғамдық көлікке ауысады. Бұл бағытта қоғамдық көлік те көп жүреді. Алайда №11 троллейбус пен №24, №202 автобустарына жолаушылар сыймай қалып жатады.
Қоғамдық көліктердің интервалы да сақтала бермейді. Қарбалас уақытта тіпті кестесінен жаңылады. Оған кептелістің де әсері бар. Автобус кешіккен сайын оны күтетін жолаушылардың да саны арта түседі. Күн сайын қоғамдық көлікпен қатынайтын тұрғындардың бір ғана уайымы бар: жұмысқа немесе оқуға уақытында жету.
Жұман Мырзамұхаммедұлы, қала тұрғыны:
– Басқа амал жоқ. Адам көп, автобус аз, жетіспеушілігі бар енді. Автобустың санын көбейту керек шығар расында. Мына жолдар да біраз тар ма екен деймін. Автобус кептеліс болғаннан кейін уақытында келе алмайды, жете алмайды.
Тағы бір назар аударатын жайт – кейбір бағыттардағы автобустарға міну аса қиындық туғызбайды. Есесіне, аузы-мұрнынан шығатын қоғамдық көлік бағыттары да бар. Соған қарағанда жолаушылар ағынын зерттеген абзал деп топшыладық. Оның үстіне, адамдар автобус жолағы бар көшелермен жүргенді қалайды. Діттеген жеріңе кептеліссіз жетуге мүмкіндік бар. Әрине, егер лық толы автобусқа ілінсең.
Гүлзат Нұрмолдақызы, қала тұрғыны:
– Соңғы кездері Алматы қаласында көлік қозғалысы едәуір қиындап кетті. Оқыған статистикалық мәліметтерім бойынша, автобустардың жүру жиілігі мен аралығы жолақысын төлеуге қатысты көрсеткіштерге байланысты реттеледі екен. Мәселен, бір автобусқа шамамен 50-60 адам сыятын болса, жүргізушілердің айтуынша, олардың тек жартысы ғана жолақысын төлейді.
Бұл да мәселенің бір ұшы. Мәлімет жүргізетіндер, нақты қанша жолаушы жол ақысын төледі, сонша адам қоғамдық көлікке мінді деп есептейді. Ал шынайы көрініс басқаша. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, қазір қала мен қала маңындағы 210 бағытта 3200-ден астам автобус пен троллейбус қатынайды. Дегенмен адам көп болатын қарбалас уақытта көліктердің белгіленген кестемен жүруі әрдайым мүмкін бола бермейді.
Ержан Шегебаев, Қоғамдық көлікті ұйымдастыру бөлімінің бас маманы:
– Қоғамдық көлік мәселесі әсіресе қарбалас уақытта, оқу жылы басталған кезде және қалада жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанда күшейеді. Көлік кептелісіне байланысты автобустар да жалпы көлік ағынында тұрып қалады. Соның салдарынан автобустардың арасы ұзарып, келген көлік лық толып кетеді.
Қоғамдық көліктің уақытылы жүруіне көшелердің көлікті өткізу мүмкіндігі де әсер етеді. «Мәселені шешу үшін, автобустар санын көбейту жеткіліксіз», – дейді сарапшылар. Биыл Алматыда жаңа автобус бағыттары енгізілді. Сейфуллин көшесімен жүретін 87-ші, 134-ші бағыттар жүктемені азайтып, жолаушылар еркін қатынауға мүмкіндік алды. Қалалық мобильділік басқармасының мәліметінше, тұрғындардың өтініштері мен шағымдары да ескеріледі. Қарбалас уақытқа арнайы кесте енгізіліп жатыр. Яғни жолаушы көп болатын уақытта бағыттарға көбірек автобус шығарылады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев, Валентин Лобанов, Радик Жакупов
Тегтер #Алматы #қоғамдық көлік #жетіспеушілік #аялдама #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz