RU
Толық нұсқаға өту

Петропавлда полиция 40 азаматты алаяқтардан құтқарды

10.10.2026, 09:20 48

Киберқылмыскерлер әдіс-айласын әрдайым жаңартып отырады. Салдарынан сенгіш жандар жиған-тергенінен әп-сәтте айырылады. Осындай әрекеттерге жол бермеу үшін Петропавлдағы полицейлер банкоматтардың қасында күнделікті кезекшілікте тұрады. Нәтижесінде 40 азаматты дер кезінде тоқтатып. 60 млн теңгеден астам қаражаттың қолды болуына жол бермеді, деп хабарлайды 24KZ.

Петропавлда алаяқтар 21 жастағы тұрғынды 500 мың теңге қарызға батырды. Белгісіз адам оған таңғы уақытта хабарласып, өзін ұялы байланыс операторымын деп таныстырған. Телефон нөміріңіздің мерзімі аяқталуға жақын. Оны ұзарту үшін құпия санды айту керек деп сендірген. Хабарлама 1414 нөмірінен келгендіктен, ол еш күмәнданбаған. «Әрі ұйқылы ояу күйде болдым», - дейді.

қала тұрғыны:

- Олар алаяқтар екенін 10-15 минуттан кейін түсіндім. Мен бірден атыма несие рәсімделмесін деп eGov қосымшасына кіріп, бұғаттадым. Сол 10-15 минуттың ішінде менің атыма 500 мың теңге рәсімдеп үлгерген екен. Бардым, арыз жаздым. Бірақ сол ақшаны мен әлі өзім төлеп келе жатырмын.

Өңірде тек дропперлік бойынша 58 іс тіркелген. Мамандардың сөзінше, алаяққа алданып, «дроппер» атанғандардың көбі – студенттер. Жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 404 дерегі анықталды. Келтірілген шығын 1 млрд теңгеден асып жығылады. Оның тек 10 пайызы иелеріне қайтарылды. Цифрлық технология қарқынды дамыған сайын алаяқтар да әдісін жетілдіріп отыр.

Милена Балацкая, облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

- Алаяқтар жаңа әдіске көшті. Олар азаматтарға: «электрондық цифрлық қолтаңбаның мерзімін ұзарту керек хабарлама келгенде, бір немесе екі деген батырманы басыңыз», - дейді. Кейін WhatsApp арқылы хабарласып, жәбірленушінің атына несие рәсімделіп жатқанын айтып қорқытады. Тіпті жалған полиция қызметкерімен сөйлестіреді. Ақыр соңында психологиялық қысым көрсетіп, несие алуға көндіреді.

Киберқылмысты болдырмау үшін полицейлер банкоматтардың қасында күнделікті кезекшілікте тұрады. Нәтижесінде 40 азаматты дер кезінде тоқтатты. 60 миллион теңгеден астам қаражаттың қолды болуына жол бермеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде интернет-алаяқтық 31,4 пайызға азайды. Дегенмен қылмыстардың ашылу көрсеткіші әлі де төмен.

Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz