Түркістан облысы, Ордабасы ауданының тұрғыны Мамед Багировтың түбі – Ираннан. Алайда ол өзін қазақпын деп санайды. Өйткені бар ғұмыры Қазақстанмен байланысты. Кейіпкер елдегі ашық әрі еркін қоғамды жоғары бағалайды, деп хабарлайды 24KZ.
Әсіресе Қазақстанның әлем елдерімен қарым-қатынаста бейбітшілік пен татулықты басты орынға қоятын ұстанымын құптайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабында да этнос өкілдерінің ел бірлігін нығайтып, ортақ Отанымыздың өсіп-өркендеуіне қосып отырған үлесін атап өткен болатын.
75 жастағы Мамед Багиров Ордабасы ауданында дүниеге келген. Аталары Сталиннің саяси қуғын-сүргін жылдары Әзербайжанның оңтүстігінен Қазақстанға жер аударылып, Қараспан ауылынан пана тапқанын айтады. «Қиын-қыстау заманда өздері бір үзім нанға зар болып отырса да құшағын жайып, бауырына басқан қазақ халқының жақсылығын әкем өле-өлгенше аузынан тастаған жоқ. Бізге де қазақ еліне қызмет етуді үйретті», – дейді қария.
Мамед Багиров, Қараспан ауылының биі:
– Өз отбасымен Қазақстанда туып өскенімізге қуаныштымыз. Бала-шағалы, үбірлі-шүбірлі болдық. Немере-шөберелерім бар, құдайға шүкір. Оқыдық, тоқыдық. Ешкім біздің құқығымызды бұзған жоқ. Қазір бір атаның баласындай жүрміз. Қазақтың салт-дәстүрін жатқа білеміз. Біздікілер де қазақ болып кетті. Мысалы, мен қазір 75-тен астым, келіндер алдымнан өтпейді, қазағы болсын, ираны болсын сәлем салады.
Мамед Багиров – үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ой-өрісін кеңейтіп, өзін дамытқанды жақсы көреді. Сол үшін аптасына бір рет аудандық кітапханаға соғады. Қазақтың классик жазушыларынан бөлек, адамзаттың ортақ құндылығына айналған әлем әдебиетінің жауһарларымен де жақсы таныс. Кітапқұмар қарияны кітапхана қызметкерлері де құрметтейді.
Индира Сабыр, Ордабасы аудандық кітапханасының кітапханашысы:
– Мамед ағамыз кітапханамыздың тұрақты оқырманы. Қазір біздің президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтің бастамасымен «Кітап оқитын ұлт» бағдарламасы бойынша да сол кітаптарды бірінші болып, оқуды бастап кетті. Осылай қолдау жасап, әрдайым біздің кітапханамызда іс-шараларға қатысып отырады. Көкірегі ояу, көзі ашық жандардың бірі деп айтуға болады.
«Түрі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір» – Мамед қария еліміздің қоғамдық өміріне де белсене араласады. Үнемі елді ауызбіршілік пен ынтымаққа шақырып, тәжірибесімен бөлісіп отырады.
Әділ Ысқақ, Ордабасы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
– Бұл кісілердің барлығы қазақ болып кеткен. Қазақпен қарым-қатынасы, біздің салт-дәстүрді ұстанады. Елдің тірлігіне бірдей атсалысады. Тағы бір қырын айтып өтейін: Мамед Багиров Бейсен Оңтаев атындағы мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы. Сонымен қатар ауылдың биі, елдің жанашыры. Осындай қарияларымыз бар да елді ұйыстырып, елдің ынтымағына, бірлігіне жұмыс ітсеп жатқан азаматтардың бірі де, бірегейі деп айтсақ болады.
Осы еңбегі үшін былтыр Мамед Багиров Ордабасы ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Үнемі елді игі іске жұмылдырып жүретін қария Қазақстанның әрбір азаматы, тегіне қарамастан, Әділетті Қазақстанды құруға, «Заң мен тәртіптің» орнығуына бірдей жауапты екенін айтады. Қазақстанның барлық елдермен бейбіт, ынтымақтастыққа негізделген көпвекторлы сыртқы саясатын қолдайды.
Мамед Багиров, Қараспан ауылының биі:
– Көріп отырмыз, қыдырып отырмыз, шетелге де шығамыз. -«Қай жақтансың? -«Қазақстан» десең, жақсы қарсы алады. Бәрі жақсы біледі, бәрі сыйлайды. «Менде қазақпын» деп басымыз көтеріледі. Өйткені елімізді мақтаса, бізді мақтағаны. Қазақстанды барлық әлем таныды, жақсы жағынан таныды. Қазақстан тыныш ел, соны талай елде естідім. Бұның бәрі осы еліміздің ұстанған саясатының арқасында. Мен қуанамын, мен мақтанамын.
Қария қазақ елімен өзі ғана мақтанып қоймайды. Елдегі этнос өкілдерінің барлығына мемлекеттік тілді білу – парыз екенін, қазақ халқының мәдени құндылықтарын құрметтеуі тиіс екенін айтып жүреді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #24KZ #Түркістан #Ордабасы #қария #ирандық #ардагерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz