RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында бассейн мен теннис корты бар кешен салынып жатыр

11.10.2026, 09:28 24

Түркістан облысының Ордабасы ауданында жабық бассейн мен теннис корты бар заманауи спорт кешені салынып жатыр. Аудан орталығы Темірлан ауылында бұған дейін мұндай заманауи нысан болған жоқ. Қазір құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталды, деп хабарлайды 24KZ.

Темірлан ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы былтыр басталды. Қазір жұмыстың басым бөлігі аяқталды. Ауыл тұрғыны Жақсылық Серікбаев ауданда бассейн болмағандықтан ауылдықтардың Шымкентке баратынын айтады. «Енді жаңа кешен пайдалануға берілгеннен кейін бала-шағамыз қызығын көретін болды», – дейді қуанып.

Жақсылық Серікбаев, Темірлан ауылының тұрғыны:

– Келешек ұрпағымызға тәп-тәуір сый болды бұл. Қандай рахат болды ауылдың тұрғындарына! Бассейнге бала-шаға келіп, осы жерде үйірмеге қатысып, ертеңгі күні болашақта чемпиондар шығатын шығар. Бәрі өзіміздің қолымызда да, қолдасақ, бәрі болады. Барлығы сол балалардың игілігі ғой.

Заманауи спорт кешенінің жоба құны - 1 млрд 200 млн теңге. Ішінде ұзындығы - 25, ені - 15 метрлік жабық бассейн орналасқан. Мамандар төрт жолақты жүзу алаңынан бөлек, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да суға түсіп, емдік шараларын алуға мүмкіндік жасалатынын айтады. Киім ауыстыру, жуыну бөлмелері бар. «Жылы еден төселеді, жыл он екі ай суға түсуге болады», – дейді жауаптылар.

Қуанышбек Елтаев «Aqua Group Engineering» ЖШС бас инженері:

– Қазір көріп отырғандарыңыз – бассейн. Оның құрылысы толығымен аяқталған. Қазір тек әрлеу жұмыстары мен жабдықтарды орнату қалды. Желдету жүйесіне де аздаған өзгерістер енгізіліп жатыр. Себебі биылдан бастап талаптар күшейтілді. Қазір жобаға тиісті өзгерістер енгізіп, соның бекітілуін күтіп отырмыз. Бұл мәселе шешілген соң, әрлеу жұмыстарын бастаймыз. Барлығын уақытында тапсырамыз.

Кешеннің екінші ғимараты теннис кортына арналған. Мамандар: «Ммұнда халықаралық теннис федерациясының ережелеріне сай жекелей және жұптық ойындардан сайыс өткізуге мүмкіндік бар», - дейді. Сондай-ақ сыртта да ашық теннис алаңы болады. Тек белгілі бір бағытты ғана қамтымай, спорттың әр саласын дамытуға басымдық берілді.

Талғат Омарқұлов Ордабасы аудандық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Жалпы біз бок пен күреске басымдық береміз. Қазір тенниспен айналысатын балалар аз. Бұған дейін ауданымызда бассейн болмаған еді. Нысанды келесі жылы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Мұндағы мақсат – аудан тұрғындарына, әсіресе балаларға спортпен айналысуға мүмкіндік жасау. Балаларды арнайы үйірмелерге қатыстырып, жүзу мен тенниске баулуды көздеп отырмыз. Бұл нысан аудан халқының игілігіне беріледі.

Айта кетейік, Түркістан облысында 3595 спорт нысаны бар, оның 20-ы – теннис корты, 20-ы – жүзу бассейні. Басым бөлігі Түркістан қаласында орналасқан. «Алдағы уақытта ауыл спортын дамытуға күш салынады», – дейді жауаптылар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz