RU
Толық нұсқаға өту

Павлодар облысында осы күзде 3 млн түп ағаш егіледі

11.10.2026, 10:01 24

Осылайша, 600 гектардан астам алқап көгалдандырылады. Қазір көшет егу жұмыстары басталып кетті. Жас қарағайлар қай жерге егіледі? Оларды күтіп-баптау жұмыстары қалай жүргізілмек? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.


Павлодар облысында биыл 7 млн түп көшет егу жоспарланған. Қазір бұл жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Өңірде 3 бірдей тұқымбақ бар. Оның екеуі «Ертіс Орманы» резерватында болса, біреуі Баянаулы ұлттық паркінің аумағында орналасқан. Бірақ жергілікті әкімдіктің тұқымбағы жоқ. Сондықтан олар жас көшеттерді сатып алуға мәжбүр. Алайда биыл жабық тамыр жүйесі бар тұқымбақ салу жұмыстары басталды.

Сағын Төлеутаев, облыстық Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы:
– Жылына бұл тұқымбақта шамамен 6 млн түп көшет өсіріледі. Бұл өңірдегі үш коммуналдық мекеменің қажеттілігін жабады. Сондай-ақ қаланы да талмен толық қамтамасыз етеді.

Жыл басынан бері аймақта 134 орман өрті тіркелді. Алты жүз гектар алқапты жалын шарпыған. Қазір мамандар бірінші кезекте осы жерлерді жасыл желекке айналдыруды көздейді. Десе де ашық алқапқа егілетін жас талдар ерекше күтімді қажет етеді. Жауаптыларлардың сөзінше, егілген өскіндердің 70 пайызы жетіліп кетуі керек. Алайда нақты көрсеткіш айтарлықтай төмен. Бұған өңірдің климаты әсер етіп отыр.

Шәміл Елубаев, облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
– Иә, өкінішке
қарай, бізде егілген көшеттердің көбі жетілмей қалады. Қазір біз көктемде еккен талдарды тексеріп, есептеп жатырмыз. Ал былтыр егілген өскіндердің небәрі 40 пайызы ғана өсіп, жетіліп кетті.

Орман алқаптарын көгалдандыру жұмыстары Президенттің екі миллиард ағаш егу бастамасы аясында жүргізіліп жатыр. Биыл елімізде 210 млн-нан астам ағаш егу жоспарланып отыр.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Даулет Кошкарбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz