Әлемдік нарықта мұнай бағасы құбылды. Таяу Шығыстан мұнай жеткізілімі артып, стратегиялық қорлардан қара алтын саудағы шығады деген жаңалықтан кейін баға арзандай бастады. Алайда Мексика шығанағындағы дауыл нарықта тұрақсыздық тудырды, деп хабарлайды 24KZ.
Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс те толық сейілмегендіктен сарапшылар әлемдік энергия нарығындағы белгісіздік әлі де сақталады деп болжайды. Десе де апта соңында АҚШ-тың Иранның қақтығысты дипломатиялық жолмен реттеу мүмкіндігі бар деген мәлімдемесінен кейін жағдай тұрақтала бастады.
Осы аптада әлемдік нарықта мұнай бағасы біраз құбылды. Алғашқы күндері «Брент» маркалы қара алтынның бағасы тұрақталып, барреліне 102, кейін 97 долларға, ал WTI шамамен 1 пайызға арзандап, алғашында 90 доллар, одан кейін 87 долларға дейін төмендеді. Бұған Таяу Шығыстағы экспорт көлемінің артуы себеп. Өйткені аймақтан тәулігіне 17,5 млн баррель мұнай жөнелтіліп отырды. Бұған қоса, «Үлкен жетілік» елдерінің алдағы 4 айда стратегиялық қордан 100 млн баррель шикізат шығарамыз деген шешімі түрткі болды. «Бірақ Saudi Aramco компаниясының басшысы «бұл нарықта туындаған мәселені толық шеше алмайды», – дейді.
Амин Насер, SAUDI ARAMCO басшысы:
- Ормуз бұғазы толық ашылмайынша мұнай нарығына қысым күшейе береді. Ірі өндіруші елдердің сеніміне де кіру оңайға соқпайды. Мұнай тапшылығы мәселесі шешілгенмен мұнай өнімдері бағасының өсімі тоқтамайды. Қордағы шикізатты нарыққа шығару сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті жоя алмайды. Ормуз бұғазымен тасымал қайта қалпына келгеннен кейін де мемлекеттерге стратегиялық қорларын толтыру үшін екі жылдай уақыт керек болады.
Ал Сауд Арабиясы өзінің «Араб Лайт» мұнайын Азияға төмен бағамен сатуды шешті. Осылайша, 1 баррелін 3 долларға арзандатты. Бұл кейінгі 6 жылда алғаш рет жасалған үлкен жеңілдік болды. АҚШ үшін баға өзгерген жоқ. Солтүстік-Батыс Еуропа мен Жерорта теңізі аймағына экспортталатын мұнай құны, керісінше, барреліне 3 долларға қымбаттады. Ал аптаның ортасына қарай жағдай өзгерді. Оған Сауд Арабиясындағы нысандарға жасалған шабуылдар мен Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерге төнген қауіп түрткі болды. Ұлыбританияның Теңіз сауда операциялары басқармасының мәліметінше, кейінгі кездері танкерлерге шабуыл жасау жиілей түскен. Ал АҚШ-қа төнген дауыл Мексика шығанағы аймағындағы өндіріске айтарлықтай әсер етті.
Тим Уотерер, KCM TRADE халықаралық брокерлік компаниясының бас сарапшысы:
- Мексика шығанағына жақындаған дауыл жағдайды одан бетер ушықтырып жіберді. АҚШ-та мұнай өндіру мен өңдеу жұмыстарының тұралап қалу қаупі күрт артты. Қара алтын нарығында ұсынысқа қатысты мәселе көбейе түсті.
Ақ үйдің Пентагонға Иранға жасалатын соққылардың жоспарын әзірлеу туралы тапсырмасы нарықтағы алаңдаушылықты күшейтті. Бұл ақпараттан кейін Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 104 долларға дейін көтерілді. Ал жұма күні Дональд Трамп, керісінше, аралық сайлауға дейін Ислам республикасына соққы жасамайтынын мәлімдеген тұста, Brent бағасы барреліне 103 долларға дейін төмендеді. Қазақстандық CPC Blend маркалы мұнайдың бағасы да айтарлықтай өзгерді. Апта басында баррелі 119 доллар шамасында саудаланса, кейін 118 долларға дейін төмендеп, апта соңына қарай 130 долларға дейін күрт шарықтады.
Автор: Арайлым Жақсылыққызы
Тегтер #нарық #мұнай #Таяу Шығыс #шиеленісPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz