RU
Толық нұсқаға өту

«Дала дәмі»: Астанада 600 тонна өнім екі күнде сатылды

11.10.2026, 17:35 43

«Дала дәмі». Осындай атаумен елде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі жалғасып жатыр. Елордада кешелі бері Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарының шаруалары өз өнімдерін төмен бағада саудаға шығарды. Екі күнде 600 тонна азық-түлік сатылды, деп хабарлайды 24KZ.

«Қазанат» ипподромында бүгін де халықтың қарасы қалың. Шаруалар жаздай баптаған ауыл шаруашылық өнімдерін Астана тұрғындарына сатып жатыр. Күнделікті ішіп-жемге қажетті ет-сүттен бастап, балық, көкөніс пен жемістің небір түрі сөрелерде самсап тұр.

Ботагөз Нарымбетова, кәсіпкер:

– Қой еті – 3800 теңге. Жылқы еті – 3600 теңге. Жылқы еті, қой етін өзіміздің шаруа қожалықтан алып келдік. 40 тонна ет алып келдік, 2 күнде барлығын сатып бітірдік. Астана қаласының тұрғындарына рақмет.

«Дала дәмі» ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі елдің түкпір-түкпірінде өтіп жатыр. Осы кезге дейін 13 мың тоннадан астам өнім сатылды. Ал бүгін елорда тұрғындарына Түркістан және Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері 600 тоннаның тауарын ұсынды.

Халтөре Қарабаев, Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Ет – 60 тоннадан астам. Шұжық өнімдері – 17 тонна. Сонымен қатар қияр, көкөністер, сүттен жасалған өнімдер, Сайрам ауданында өсетін өзіміздің жергілікті бананға дейін толық әкелінді. Төмен бағада, нарықтық бағадан 15-20 пайыз төмен сатылды. 

Жәрмеңке аясында жергілікті өнерпаздар ән мен күйден шашу шашып, келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

«Дала дәмі» жәрмеңкесі демалыс күндері ұйымдастырылып, жыл бойы жалғасады. Бұқаралық сипаттағы іс-шараның легін енді Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстары жалғайды.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Мерей Талап

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz