RU
Толық нұсқаға өту
depositphotos.com

«Яндекс Go» техникалық ақауға қатысты ресми түсініктеме берді

12.10.2026, 10:24 45

Жексенбі күні, 11 қазанда, Қазақстанда «Яндекс Go» сервистерінің жұмысында ауқымды ақау орын алып, такси шақыру және жеткізу қызметтері бірнеше сағат бойы қолжетімсіз болып қалды, деп хабарлайды«24KZ». Күтпеген техникалық іркіліс салдарынан еліміздің қала тұрғындары, сондай-ақ күнделікті тапсырыс қабылдайтын жүргізушілер мен курьерлер біраз уақыт әбігерге түсті.

Анықталғандай бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Түркия, Беларусь, Армения және Сербия елдерінде де орын алған. 

«Яндекс Go» баспасөз қызметі бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме берді. 

Біздің техникалық мамандар сервистерді қалпына келтіру бағытында жұмыс істеп жатыр. Әзірге нақты мерзімін айта алмаймыз, бірақ оларды мүмкіндігінше тезірек қайта іске қосу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Бұл жағдай көптеген адамдардың күнделікті жоспарына әсер еткенін, ал жүргізушілер мен курьерлер үшін қалыпты режимде жұмысын жалғастыруға мүмкіндік бермейтінін түсінеміз. Қолайсыздықтарға тап болғандардың барлығынан шын жүректен кешірім сұраймыз, – деп атап өтті «Яндекс Go» баспасөз қызметі.

Сонымен қатар компания Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейтінін және қазіргі уақытта сервистегі техникалық мәселені қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. 

Қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері Қазақстан аумағындағы серверлерде және ел заңнамасына сәйкес олардың тиісті деңгейде қорғалуын қамтамасыз етіледі. Біз пайдаланушыларды, жүргізушілер мен курьерлерді сервистер жұмысының қалпына келтірілгені туралы ресми арналарымыз арқылы хабардар етуді жалғастырамыз, – делінген хабарламада.

Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, сервистің істен шығуына  «Яндекс» дата-орталығының инфрақұрылымына ұшқышсыз құрылғылардың шабуылы себеп болған. 

«Яндекс Go» жұмысындағы жаппай ақаудан кейін inDrive компаниясының негізін қалаушы және басшысы Арсен Томский әлеуметтік желілерде жағдайға қатысты ресми түсінік беріп, компанияның қабылдаған шұғыл шараларын атап өтті:

Нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі бұзылған кезде (бұл жолы Яндекс сервистерінің істен шығуына байланысты) жүйеде бағаның шарықтап кетуі орын алады. Біз мұндай жағдайдың орын алатынын түсініп, жүргізушілерге түсетін жүктеме мен жолаушыларға келетін салмақты азайту үшін шұғыл шаралар қабылдадық. Атап айтқанда, inDrive жүргізушілер үшін комиссияны төмендетіп, бағалардың шамадан тыс өсіп кетпеуі үшін қосымша шектеулер енгіздік, – деп жазды Арсен Томский.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz