Елімізде 6,2 миллион отбасын қамтитын «Отбасының цифрлық картасы» жобасы арқылы мемлекеттік қолдау шаралары проактивті,яғни өтінішсіз-ақ ұсынылуда. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылған бұл жүйе әрбір отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын автоматты түрде анықтап, көмекке шынымен мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды «24KZ».
Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау жүйесі БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп, халықаралық үздік тәсілдер негізінде әзірленген. Кешенді талдау нәтижесінде әрбір отбасы 5 санаттың біріне жатқызылады:
А санаты – саламаттылықтың жоғары деңгейі;
В санаты – саламаттылықтың ауқатты деңгейі;
С санаты – саламаттылықтың қанағаттанарлық деңгейі;
D санаты – экономикалық тұрғыдан осал деңгейі;
Е санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал деңгейі.
Отбасының мәртебесін анықтау кезінде тек айлық жалақы немесе үй мен көліктің болуы ғана есепке алынбайды. Жүйе 8 негізгі бағыт бойынша 59 көрсеткішті жан-жақты талдайды.
Бағалауға мына критерийлер кіреді:
Қаржылық жағдайы, несиелері мен мерзімі өткен берешегі;
Мүлкі, активтері және тұрғын үй жағдайы;
Жеке немесе коммерциялық көлігінің болуы;
Жер учаскесі мен жеке қосалқы шаруашылығы;
Жұмыспен қамтылуы мен кәсіпкерлік белсенділігі.
Сондықтан отбасының санатын анықтағанда табысы, үйі немесе көлігі ғана есепке алынбайды. Оның әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты барлық дерек ескеріледі.
Мысалы, А санатына әл-ауқаты жоғары отбасылар жатады. Бұл санаттың өлшемдерінің бірі отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыстың күнкөріс деңгейінің 7 есесіне тең немесе одан жоғары болуы. Бұл шамамен 350 мың теңге және одан да көп соманы құрайды.
Сонымен қатар отбасының әр мүшесіне шаққанда шартты түрде 120 шаршы метрден келетін бірнеше тұрғын үйінің болуы мүмкін.
Коммерциялық жылжымайтын мүлкі, ірі, орта немесе шағын бизнесі, сондай-ақ люкс немесе премиум санатындағы қымбат көліктері де ескеріледі.
Отбасының құрамы мен әлеуметтік әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта есептеліп тұрады. Осылайша, отбасының жағдайы туралы мәліметтер үнемі жаңартылады.
Демек, Отбасының цифрлық картасындағы бағалау бір рет жүргізіліп, ұзақ уақытқа бекітілмейді. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер өзгерген сайын, олар картаға автоматты түрде жаңартылып отырады.
Мәселен, отбасының табысы азайса, мүлкі сатылса, отбасы мүшелерінің саны артса немесе басқа да ескерілетін жағдайлар өзгерсе, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қайта бағаланады.
Егер азамат отбасының құрамы немесе әлеуметтік әл-ауқат санаты дұрыс анықталмаған деп есептесе, тұрғылықты жері бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментіне немесе әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына жүгіне алады.
Мамандар Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтерді тексеріп, сәйкессіздіктің себебін анықтайды әрі мәселені шешуге көмектеседі.
Қате мәлімет бастапқы дереккөзде түзетілген соң, ол Отбасының цифрлық картасында автоматты түрде жаңартылады. Отбасының санаты да келесі бағалау кезінде қайта анықталады.
Тегтер #24жаңалықтар #отбасылық цифрлық карта #24KZ #әлеуметтік төлемдер #жәрдемақыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz