Астана – Дубай мен Сингапур жолын мінсіз жүріп өтуі мүмкін. Америкалық кәсіпкер әрі инвестор Баладжи Шринивасанның елорда жайлы ойы осындай, деп хабарлайды 24KZ.
Ол қаланы ажарлы, мұнтаздай әрі ұқыпты деп бағалап, халықаралық технологиялық конференцияда Қазақстанның ІТ қырын айшықтап берді. Цифрлық әрі жасанды интеллект саласының алыптарына Алатау сити-ге инвестор болуға шақырды.
Астананың алар асуы алда. «Болашақтың қаласына» баланған Сингапур мен «мүмкіндіктер қаласы» қатарындағы Дубайдан да бәсі кем түспейді. Бұл жаһан жуандарын жалт қаратқан нағыз жарнама болды. Пікір иесі – ІТ стратег, сара жолы бар, сала саңлақтары санасатын Баладжи Шринивасан. Жуырда Сингапурда өткен «желілік мемлекет» конференциясында ағынан жарылған еді.
Баладжи Шринивасан, The Network State кітабының авторы, Network School негізін қалаушы:
– Мен Қазақстанмен қатты шабыттандым. Сіздер ол ел туралы әлі көп естисіз. Бұл – қайдан шыққаны белгісіз Сальвадор сияқты. Кенет оның кереметін бәрі айта бастады емес пе? Немесе соңғы 5 жылда айқын таныла бастаған Сингапур, Дубай сияқты. Қазақстанның уақыты келді. Қайталап айтамын, сіздер әлі ол ел туралы көп естисіз.
Баладжидің бұл бағалауы 3 жарым мың адамның алдында айтылды. Залда әлемдік крипта нарықтағы бас ойыншылар отыр. Ал «цифрлы алтынға» әлемдегі әр оныншы, яғни 742 млн-ға жуық адам ие.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
– Қазақстанның міндеті – бәсекеге қабілетті реттелетін нарық құру. Операциялар, өтімділік және капитал ел ішінде шоғырлануы тиіс. Қазақстан реттелетін нарықты қалыптастыруды 2022 жылы бастады. АХҚО криптобиржаларының банктермен өзара іс-қимыл механизмі іске қосылды. Алғашқы реттелетін криптофиаттық арна пайда болды. 2023 жылы «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» Заң қабылданды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша АХҚО провайдерлері операцияларының көлемі шамамен 11 млрд АҚШ долларына жетті.
Баладжи кезінде Coinbase крипта биржасының техникалық жағын басқарған. Нарықты парықтайтын ол елдің Alatau City атты алғашқы толық цифрлы қаласына қаржы құюға шақырды.
Баладжи Шринивасан, The Network State кітабының авторы, Network School негізін қалаушы:
– Біз жаһандық ауқымдағы инвесторларды тартып жатырмыз. Бізде Олаф Карлсон Polychain және өзгеде көптеген инвесторлар бар. Калифорниядан, Вашингтон штаты, Чикаго мен Нью-Йорктен адамдар ығысып жатыр. Ларри Пейдж Калифорниядан кетті. Цукербер те Сергей Брин мен Илон сияқты. Безос Вашингтоннан кетті. Сонда жаһандық капитал қайда барады? Ол Қазақстан сияқты техно-оптимистік елдерге бағытталуы мүмкін. Осы себепті мен де келдім. Олаф та осында. Бинанс пен Шервин Пишевар жақында ғана келді.
Америкалық кәсіпкердің көздегені мен елдің идеясы үндес. Біз цифрлы мемлекет десек, ол желілік мемлекетті дәріптеп жүр. Ал бизнесмен үшін белгісіздік – бәрінен үрейлі. Сондықтан іске соқыр сеніммен кіріспейді. Қазақстанға қайырылғаны – қолдау қағидаларына иланғаны. Штаб-пәтерін қиырдан Астанаға көшіріп, үкіметпен серіктестік негізде Network School халықаралық технологиялық қоғамдастығын құрды. Яғни ойөнердің ортасы болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бізге халықаралық деңгейдегі білім алмасу, бірлескен зерттеулер, инвестициялар қажет. Технологиялық ынтымақтастық пен кадрлық әлеуетті дамытқан жөн. Қазақстан жасанды интеллектіні бейбіт мақсатта, қауіпсіз әрі жауапкершілікпен ілгерілетуді дәйекті түрде қолдайды. Технология адамға қызмет етіп, өркениеттің катализаторы болуы керек. Біз осы ұстанымнан айнымаймыз.
Былтыр қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асты. Цифрлық шешімдер әлемнің 100-ден аса елінде қолжетімді.
Баладжи Шринивасан, The Network State кітабының авторы, Network School негізін қалаушы:
– Біз Астананы жаһандық технологиялық хабқа айналдырғымыз келеді. Себебі онда әлемнің әр түкпірінен таланттарды тартуға болады. Астанада крипто актив шығаруға, ЖИ үшін дата орталықтар салуға мүмкіндік зор.
Цифрландыру мен жасанды интеллектке қатысты мемлекеттің ұстанымы айқын. Талап қатаң, бірақ, шектен шығуға жол берілмейді. Себебі саланы шамадан тыс реттеу – әлеуетті ойыншылар мен капиталдан айырылу деген сөз. Тегеурінді технология, мықты маман және үздіксіз үдеріске әзір екенімізді дәлелдеу керек. Баладжи Шринивасан сияқты ІТ шеберлер соны байқаған болар.
Автор: Нысаналы Ығыл
Тегтер #Астана #криптоэлита #Дубай #инвестор #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz