Бельгиялықтар королі Филипп пен Матильда патшайымның Қазақстанға мемлекеттік сапары туралы осы елдің бірқатар жетекші ақпарат құралы жазып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Тарихи оқиғаны халыққа жеткізу үшін Астанаға 13-ке жуық шетелдік тілші келді. Журналистер бұл сапардың екіжақты қарым-қатынасқа ықпалы мен экономикалық ынтымақтастық келешегін талқыға салды.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
– Бельгия монархтарының Қазақстанға сапары туралы француз және нидерланд тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Журналистерді бұл оқиғаның екі ел үшін қандай мүмкіндіктерге жол ашатыны және Орталық Азияның Бельгия үшін маңызы неліктен артып келе жатқаны қызықтырады.
Патша мен патшайымның Қазақстанға келгенін алғашқылардың бірі болып Sudinfo ақпараттық порталы мен RTL Info телеарнасы хабарлады. Француз тіліндегі беделді Le Soir газеті де ерекше назар аударып, елеулі оқиға деп бағалады. Ағылшын тіліндегі The Brussels Times сапардың іскерлік бағдарламасына назар аударса, Bruxelles Korner интернет-басылымы екі ел арасындағы экономикалық әріптестіктің стратегиялық маңызын атап өтті.
«Бельгия үшін Қазақстанмен ынтымақтастықтың тиімділігі айқын. Бұл – жаңа нарықтарға шығу және маңызды жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндігі», – Bruxelles Korner интернет-басылымы.
Histoires Royales интернет-басылымы да сапардың іскерлік сипатына назар аударған. Мақала авторы Николя Фонтен Қазақстанмен экономикалық әріптестікті кеңейтуге деген қызығушылық делегацияның құрамынан да анық байқалатынын атап өтті.
«Патшамен және Патшайыммен бірге Қазақстанға жүзден астам адамнан тұратын делегация барды. Олардың қатарында іскерлік әріптестікті нығайтуды көздеген 25 компания басшысы бар», – Histoires Royales интернет-басылымы.
Осылайша, Бельгия бұқаралық ақпарат құралдары бұл сапарды тарихи дипломатиялық оқиға ғана емес, ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтудың маңызды мүмкіндігі ретінде бағалап отыр. Басылымдар ғылым мен білім саласындағы серіктестікке, университеттердің бірлесіп зерттеулер жүргізіп, ортақ жобаларды жүзеге асыруына да аса мән береді.
Автор: Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #Бельгия #БАҚ #патша #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz