Биыл Қарағанды облысында жалпы құны 17 млрд теңгеден асатын 136 кәсіпкерлік жоба мақұлданып, жүзеге асып жатыр. Бұл – жаңа жұмыс орындары мен өңір экономикасының дамуына жол ашатын бастамалар. Жалпы елде кәсіпкерлік саласында 4,5 млн-ға жуық адам еңбек етеді. Кейінгі жеті жылда 3 млн 600 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Жақында іске қосылған мына кірпіш зауытында 20 адам еңбек етеді. Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін жұмысшылар саны 40 адамға дейін артады. Жобаға 1,5 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпорынға арнайы жер телімі бөлініп, инженерлік инфрақұрылымы тартылған. Бүгінде зауыттың өндірісі тұрақты, жұмысшыларына барлық жағдай жасалған.
Қобыланды Тілейхан, кірпіш зауытының жұмыскері:
– Шыққан кірпіштерді әкеліп, бір қатарға жинау – менің қазіргі жұмысым. Басында жай қара жұмыста жүрдік. Айлық төлемі жақсы, тұрақты әрі уақытылы төлеп жатыр.
Өңірде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан шағын және орта бизнес кәсіпорындары да заманауи технологияға көшіп, жаңа цехтар ашып жатыр. Мәселен, Қарағандыдағы металл бұйымдары кәсіпорнында «Балдырған» велосипедтері, шаналар, контейнерлер мен ойын алаңдарына арналған жабдықтар шығарылады. Зауытта 100-ден астам адам еңбек етеді. Өндірісті жаңғырту мақсатында зауыт заманауи лазерлік кесу қондырғысын сатып алған. Мұнымен металл бұйымдардың көптеген түрін жасауға болады. Жақында бұл цехқа жұмысшылар қабылданады.
Алексей Паршин, «Қарағанды металл бұйымдары зауыты» ЖШС директоры:
– Біз Enbek.kz платформасымен ынтымақтастық орнатып, онда бос жұмыс орындарымызды жариялаймыз. Қажет болған жағдайда, осы платформа арқылы тиісті мамандарды іздейміз. Сонымен қатар серіктестерімізбен, соның ішінде оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқанбыз.
Шағын және орта бизнестің өңір экономикасына қосып отырған үлесі зор. Биылғы тоғыз айда түскен салық сомасы 420 миллиард теңгеге жуықтады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,5 пайызға көп. Өңірде кәсіпкерлік салада 228 мыңнан астам адам еңбек етеді. Жаңа кәсіпорында отандық өнім үлесі артуда.
Әлібек Молдакәрімов, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:
– Біздің ең басты мақсатымыз – экспортқа бейімделу және импортты алмастыру. Жаңа өндірістерді іске қосқанда біз негізінен осы мақсатты көздейміз. Жыл сайын негізінен 3 мың жаңа жұмыс орындары құрылады.
Еліміз бойынша шағын және орта бизнес шамамен 4,5 млн адамды жұмыспен қамтып отыр. Соңғы жеті жылда елімізде 3 млн 600 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Бұл өз кезегінде отандық өнім өндірісін арттырып, ел экономикасының дамуына оң серпін беріп отыр.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков
Тегтер #кәсіпкерлік жоба #Қарағанды облысы #инвестицияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz