Бүгін – дүниежүзілік мақта күні. Осыған орай Түркістан облысында «Ақ дала-2026» салтанатты іс-шарасы басталды. Себебі мақта шаруашылығы Түркістан облысының аграрлық экономикасында айрықша маңызға ие. Әрі ауыл тұрғындарының табысы мен жұмыспен қамтылуына тікелей ықпал ететін негізгі салалардың бірі. Биылғы мақтаның шығымы қалай? Шаруалардың еңбегі ақтала ма? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Жандос Жұмабек, тілші:
– Бүгін Отырар ауданындағы «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешенінде» жер емген шаруалардың мақта тойы өтті. Мұнда диқандарға инвестициялық жоба аясында 52 мың гектарға жаңа технологиямен егілген мақта шаруашылығының жұмысы таныстырылды. Жобаның негізгі мақсаты – су үнемдеу технологиясын енгізу нәтижесінде су шығынын 50% пайызға дейін азайту арқылы өнімділікті 2-3 есеге арттыру. Мемлекет басшысы қоғамда адал еңбек пен еңбек адамының мәртебесін арттыруды үнемі айтып келеді. Бүгінгі шарада «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты негізінде осы салада тынымсыз тер төгіп жүрген еңбек озаттарына құрмет көрсетілді. Бүгінде бұл салада 25 мыңға жуық адам еңбек етеді.
Сейсен Қуан, шаруа:
– 40 гектарға мақта ектік. Барлық мақта қазір жаңа технологиямен егіліп жатыр. Су үнемдеу әдісі бар. Лазерлі тегістегіш бар. Жерді екі корпусты соқамен жыртады. Ол жердің тегістігін сақтауға мүмкіндік береді. Осындай жаңа технологиялардың арқасында өнімділік едәуір артты. Бұрын гектарынан 20–30 центнерден аспайтын өнім алсақ, қазір 40 центнерге дейін мақта алып жатырмыз.
Биыл Түркістан облысының шаруалары 173 мың гектардан астам алқапқа мақта дақылын екті. Оның 91 мың гектарына су үнемдеу технологиялары енгізілді. Бүгінге дейін шаруалар күздің әр күнін қалт жібермей, ақ алтынның 60 пайызын жинап үлгерді. Жалпы биыл 556 мың тоннаға жуық өнім алу жоспарланған. Бұл көрсеткіштің артында диқан мен агрономның, механизатор мен өндіріс мамандарының тынымсыз еңбегі тұр. Мақта бағасы 250 теңге деп белгіленді. «Мамандар заманауи техника мен жаңа технологиялар өнімділікті арттыруға сеп болуда», – дейді.
Әлібек Плалов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
– Орташа өнімділік гектарына 32 центнерді құрайды деп жоспарлап отырмыз. Науқанға 29 мақта өңдеу зауыты қатысып, 169 мақта қабылдау бекеті жұмылдырылған. Мақтаның 99 пайызы комбайнмен теріледі. Соңғы 2–3 жыл көлемінде Қытайдың жаңа технологияларын енгізіп, олардың өнімділігі жоғары екеніне көз жеткізіп отырмыз.
Демек қазіргі еңбек адамы – тек қара күш иесі ғана емес, жаңа технологияны меңгерген білікті маман деп айтуға болады. Өңірде мақтаны өсіруден бастап оны өңдеу, жіп иіру және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек қалыптасып келеді. Мамандар 2030 жылға дейін құны 212,6 млрд теңге болатын 5 кластерлік жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов
Тегтер #Түркістан облысы #Ақ дала2026 #іс шара #фестивальPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz