RU
Толық нұсқаға өту

Түркі елдері ЖИ саласында байланысты дамытады

12.10.2026, 21:21 40

Түркі мемлекеттері жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді. Бұл бағыттағы ортақ міндеттер Түркияның Кожаэли қаласында өткен түркі әлемі жастарының форумында талқыланды. Жиында ғылым мен білім алмасуды дамытуға басымдық берілді. Үш күнге созылған форумға бауырлас елдердің студенттері мен медиа өкілдері қатысты, деп хабарлайды 24KZ.


Әсия Нұрлыбаева, тілші:

– Түркі елдерінің жастары Түркияның Измит қаласында бас қосты. Ортақ тарих пен мұраны ту еткен жиынға 500-ге жуық жас пен медиа өкілі қатысып жатыр. Басқосуда жасанды интеллект, білім беру және цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері талқылануда. Басты мақсат – Түркі әлемінің жастарын ортақ идея төңірегіне топтастырып, ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру.

Ортақ тарих пен мәдени мұра – түркі елдерін жақындастыратын маңызды құндылық. Алайда бүгінгі ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру үшін заманауи технологияларды меңгеру, білім алмасу және ақпараттық кеңістікте бірлесіп әрекет ету қажет. Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Күршад Зорлу да осы бағыттарға басымдық берді.

Күршад Зорлу, Түркия Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары, Түркі мемлекеттерімен байланыстар басқармасының басшысы:

- Қазақстан бұл бағытта Жасанды интеллект министрлігін құрды. Түркияда да Президентіміз жасанды интеллект саласындағы стратегиялық құжатты жариялады. Өзбекстан да бұл бағытта маңызды қадамдар жасап жатыр. Енді осы бағыт бойынша жастардың белсенділігін арттыруымыз қажет.

Жиында Назарбаев университетінің профессоры Молдияр Ергебеков жаңа технологияларды игеруде жастардың рөліне тоқталды. Оның пікірінше, технологиялық өзгерістерге дер кезінде бейімделу елдердің даму қарқынына тікелей ықпал етеді.

Молдияр Ергебеков, Назарбаев университетінің профессоры:

– Түркі әлемінің бүгіні бар. Бүгіннің негізгі тұлғалары да жастар. Сонымен қатар өздеріңіз білесіздер, түркі әлемінде өсіп келе жатқан демографиясының ең маңызды бөлшегі жастардан тұрады. Сондықтан да жастардың бұл түркі әлеміне байланысты ақпараттарды алуы және түркі әлемінің бүгінін талдай алуы өте маңызды.

Форум аясында қатысушы елдер ұлттық мәдениетін таныстырып, ортақ құндылықтарын дәріптеді. «Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер өзара түсіністікті арттырып, жастар арасындағы байланысты нығайтады», – дейді

Жанайым Көлбай, Кожаэили университетінің 4 курс студенті:

– Жастар арасында өз ұйымымыз бар. Бізді арнайы жинамаса да, өзіміз бір-бірімізге өте жақынбыз. Қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен жастары бас қосамыз. Тілдеріміз жақын болғандықтан, тіл туралы әңгімелесу біз үшін жақсы тәжірибе деуге болады. Осылайша, бір-бірімізді жақынырақ танып, өзара байланысымызды нығайтамыз.

Түрксой ұйымы да таяуда түркі әлемі жастарының басын біріктірмек. Құрылымның бас хатшысының айтуынша, алдағы аптада Трабзонда түркі жастарының байланысын кеңейтуге арналған форум өтеді.

Сұлтан Раев, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы:

– Түркия мен Қазақстанда жастар форумдары жиі ұйымдастырылып келеді. Өйткені түркі жастарының ортақ кеңістікке белсенді араласуы оның болашағына ықпал етеді. Бұл форум интерактивті форматта өтеді. Түркі елдерінің әр түкпірінен жастар қатысады деп күтілуде.

Үш күнге созылған жиын соңында ғылым, білім және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастық бойынша декларация қабылданды. Соған сәйкес Орхун академиялық алмасу бағдарламасының ауқымын кеңейтіп, «Цифрлық Жібек жолы» аясында жасанды интеллект пен инновация саласындағы байланысты нығайту шешілді. Сондай-ақ түркі елдерінің медиа өкілдері арасындағы ықпалдастықты арттырып, түркі елдері футболшыларының кубогін ұйымдастыру көзделіп отыр.

Автор: Әсия Нұрлыбаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz