RU
Толық нұсқаға өту

Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 4,5 млн-нан асты

12.10.2026, 22:21 33

Елде кейінгі 7 жылда шағын және орта бизнес секторында жұмыспен қамтылғандар саны 36,7%-ға өсті. Қазір бұл салада 4 жарым млн-нан астам адам еңбек етіп жүр. Бұл – елдегі жалпы жұмыспен қамтылған халықтың 48,6%-ы. Шағын және орта бизнес субъектілерінің басым бөлігі – жеке кәсіпкерлер. Кейінгі жылдары өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласының әлеуеті артты, деп хабарлайды 24KZ.


Рухани Әбдірахман, тілші:

– Бұл – тау-кен, атом, химия өнеркәсіптерін қорғаныш киімдерімен жабдықтайтын кәсіпорын. Арнайы материал осы жерде пішіліп, станоктарда дайындалады. Нәтижесінде мынадай скафандр шығады. «Отандық жабдықтарды қолдануға басымдық берілген», – дейді кәсіпорын иесі. Жергілікті қамтудың үлесі 80%-дан асқан. Қауіпті еңбек ошақтарына арналған жабдықтарға қойылатын талап қатаң. Есесіне, дамуға әлеует пен сұраныс бар. Антон Скоков осы саладағы кәсіпті он жыл бұрын бастаған. Қазір қорғаныш киімдерін шығаруды қолға алып, алдағы уақытта жұмысшы санын арттыруды көздеп отыр.

Антон Скоков, «Атамекен» ӨКП жанындағы «Өнеркәсіп» салалық кеңесінің мүшесі, кәсіпкер:

– Біздің негізгі тапсырыс берушілеріміз – атом өнеркәсібі кәсіпорындары, тау-кен байыту және химия өнеркәсібі салаларының өкілдері. Болашақта өнімді экспортқа шығару жоспарда бар. Қажетті құрал-жабдықтарды өзіміз өндіретіндіктен, отандық үлесті жоғары деңгейге жеткіздік. Бұл – біздің стратегиялық шешіміміз.

Анар Хангереева, ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаменті басқармасының бас сарапшысы:

– Еңбек нарығында өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, IT, сондай-ақ әлеуметтік және білім беру салаларының мамандарына сұраныс жоғары. 2035 жылға дейін кадрларға жалпы қажеттілік 2,9 млн маманды құрайды. Оның ішінде 1,8 млн-ы – жұмысшы мамандықтарының өкілдері. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүргізілген талдау нәтижесінде кадрларға деген қажеттіліктің жыл сайынғы болжамын жасайды.

Шағын және орта бизнес еңбек нарығындағы өз позициясын нығайтып келеді. Оған дәлел: сектордағы шығарылған өнім көлемі 104,8 трлн теңгеге жетіп, 3,2 есеге өсті. Шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 41%-ға жуықтады. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 4,5 млн адамнан асты. Бұл – елдегі жалпы жұмыспен қамтылған халықтың жартысына жуығы.

Авторлары: Рухани Әбдірахман, Самат Қазанбаев.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz