RU
Толық нұсқаға өту

СҚО-да мыңнан астам үйге дабыл қондырғысы орнатылды

12.10.2026, 22:39 31

Солтүстік Қазақстан облысында мыңнан астам үйге дабыл қондырғысы орнатылды. Жылу маусымы басталғалы өрттің алдын алу шаралары күшейтілді. Төтенше жағдайлар қызметі, прокурорлар мен еріктілер үй-үйді аралап, пеш пен мұржаларды тексеріп жүр. Сақтық шараларын түсіндіріп, көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен мүмкіндігі жоқ жандарға көмек көрсетеді, деп хабарлайды 24KZ.


Қанат Қабылов – бес баланың әкесі. Отбасы бұл үйді жақында сатып алған. Профилактикалық рейд барысында құтқарушылар үйде өрт қауіпсіздігінің бұзылғанын анықтады. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді. Улы газ тараса, дабыл қағатын қондырғы орнатып берді.

Қанат Қабылов, қала тұрғыны:

– Ауданнан қалаға көшіп келгенімізге үш ай болды. Мұндай қондырғылар өте қажет деп ойлаймын. Өрт жиі болады. Ал бұл құрылғылар жазатайым оқиғалардың алдын алуға көмек береді. Мамандарға рақмет айтамын!

Дабыл қондырғысы өрт шығып, түтін тараса, шырт ұйқыда жатқан жандарды лезде оятады. Былтыр өңірде осы датчиктің дыбысынан 3 отбасы дер кезінде оянған. Нәтижесінде 13 адам құтқарылды. Бұл жолы мыңнан астам датчик орнатты.

Думан Ділдәбаев, қалалық ТЖБ бастығының орынбасары:

– Өрттің шығуына көбіне пештегі жарықшақтар мен пеш алдындағы металл төсемнің болмауы себеп болады. Сондай-ақ пештің маңында шүберек кептіруге және жиһаздарды 1–1,5 метрден жақын орналастыруға болмайды. Мұржаларды әр үш ай сайын тазалап тұрған жөн. Кем дегенде жылына екі рет тазалау қажет.

Жалпы былтыр жылыту маусымында 200-ден астам өрт болған. Салдарынан 31 адам көз жұмды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында департамент қызметкерлері прокуратура өкілдерімен және еріктілермен бірге үйлерді аралап жүр. Күні бүгінге 17 мың отбасы қамтылды.

Дәулет Ақылбекұлы, қалалық Прокуратураның бөлім прокуроры:

– Біздің мақсатымыз – адамдарды жауапкершілікке тарту емес. Керісінше, өрт қауіпсіздігін түсіндіру. Төтенше жағдайлардың алдын алу.

Төтенше жағдайлар департаментінде әлеуметтік осал топтарға жататын 325 отбасы тіркелген. Қызметкерлер профилактикалық жұмыс кезінде электр сымдары мен жылу жүйелерін тексереді. Датчиктер орнатып, түтін мұржасын тазартады. «Негізі осындай қарапайым сақтық ережелерін әрбір тұрғын өзі сақтауы керек», – дейді мамандар.

Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz