Ақмола облысында мемлекеттік тілді жетік меңгерген түрлі ұлыс өкілдері көбейіп келеді. Олардың арасында жастардың үлесі басым. Қазір олар түрлі салада табысты еңбек етеді, деп хабарлайды 24KZ.
Талапты жастар «мемлекеттік тілде еркін сөйлеу жұмысымызды жеңілдетеді», – дейді. Яна Штаутынгер – Көкшетаудағы шаштараздардың бірінде жұмыс істейді. Неміс қызы қазақ ауылында өсіп, тәрбиеленген. Мамандығы – қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Бірақ Яна ұстаздық жолды емес, өзінің сүйікті ісі шаш алуды таңдаған. Қазақ тілін жетік білгесін, тұтынушылармен де еркін сөйлесіп, тез арада тіл табысады.
Яна Штаутынгер, шаштараз:
– Көкшетауда қазақтар көп. Қазақша сөйлескен ыңғайлы әрі жақсы. Клиенттердің әрқайсысының сұранысын білеміз. Мысалы, Шымкенттен келген, орысша білмейтін клиенттер де болады. Олармен қазақша сөйлескенім дұрыс. Көбіне қазақша сөйлеймін, ал орысша сөйлегенде кейде қиналамын.
Ал әріптесіміз Евгений Варанкин мектепті орысша тәмәмдаған. Кейін мемлекеттік тілді меңгеру үшін қазақ тіліндегі кітаптарды көп оқыпты. Нәтижесі де жаман емес. Қазір әмбебап тілші үш тілде еркін сөйлейді. 20 жылға жуық мектепте қазақ тілінен сабақ берген. Ал соңғы үш жылда жергілікті телеарнада тілшілік қызмет атқарады. Бір ерекшелігі – жаңалықты тек мемлекеттік тілде таратады.
Евгений Варанкин, тілші:
– Алғаш келген күндері мәтіндердің бәрін орыс тілінде жаздым. Кейін оларды қазақ тіліне аудардым. Бірақ бір-екі айдың ішінде қазақ тілінде жазуды үйреніп алдым. Менің ойымша, қазіргі қоғамда Қазақстанда тұратын әрбір адам үшін қазақ тілін білу өте маңызды. Ұлтына қарамастан, орыс болсын, қазақ болсын, әр адам мемлекеттік тілді білгені дұрыс.
Жалпы аймақта қазақтың тілі мен дәстүрін терең меңгерген өзге этнос өкілдері баршылық. Жыл санап олардың қатары көбейіп келеді. Сондықтан мемлекеттік тілді үйрететін оқу орталықтарына сұраныс артқан. Қазір облыс бойынша осындай 21 орталық жұмыс істейді. Соңғы уақытта мұндағы мамандар оқу бағдарламасын өзгертіп, жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға көшкен.
Қуаныш Қажиахметов, облыстық оқу-әдістемелік орталығының басшысы:
– Жылына бес семинар өткіземіз. Семинарлардың мақсаты – оқытушыларымыздың жаңа технологияларды меңгеруіне көмектесу. Өздеріңіз білетіндей, қазір жасанды интеллект пен AI қосымшалары қарқынды дамып келеді. Сондықтан оларды тиімді қолдану жолдарын үйретуге баса назар аударамыз. Өйткені біз ересектерге білім береміз. Ересек адамдардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттыру маңызды. Бұл ретте жасанды интеллект қосымшаларының мүмкіндіктері мол.
Қазір өңірдегі оқыту орталықтарында 4 мыңға жуық адам білім алып жатыр. Соның екі мыңнан астамы өзге этнос өкілі.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный
Тегтер #Ақмола облысы #мемлекеттік тіл #оқу орталықтары
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz