RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл облысында 50 мың тал егілді

12.10.2026, 23:21 37

Биыл Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 50 мың түп ағаш көшеті егілді. 6 мың шақырым көше жолдары тазартылды. Экологиялық бастамаларға өңір жастары да белсенді қатысып жүр. Екі жыл бұрын көшет егілген аумақ қазір жасыл желекке айналған, деп хабарлайды 24KZ.


Ұлы дала шағын ауданында жапырағы жайқалған мына талдар небәрі 2 жыл бұрын егілген. Қазір 10 гектар аумақта 5 мың түп ағаш бар. Мұнда қылқан жапырақты ағаштың 7 түрі бар. Ал оны күтіп-баптау Жасұлан Молдабаев сынды мамандарға жүктелген. Агрономның айтуынша, қалада жыл сайын 25 мыңға жуық көшет егіледі. Ал олардың жерсініп, өсуі үшін ең алдымен тұрақты суару жүйесі қажет.

Жасұлан Молдабаев, «Жасыл-ел Тараз» мекемесінің агрономы:

– Қала бойынша бізде 8 ұңғымамыз дайын тұр. Негізгі жоспарда 40 ұңғымаға ұсыныс бергенбіз. Суғару жүйесін орнатуымыз керек. Ағаштардың әр түріне тамшылатып суғару жүйесін. Бұл тамшылатып суғару жүйесі суды үнемдейді, ең бірінші. Екінші мақсаты – бұл суды тұрақты жаздың ыстық маусымында тұрақты сумен қамтамасыз етеді.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық мәселелерді шешу үшін аймақта 2024 жылы телеграм-бот жобасы басталды. Түскен шағымдар тіркеліп, жауапты мекемелерге жолданады. Мәселені шешуге күрделілігіне қарай 3 күннен 2 аптаға дейін уақыт беріледі.

Смат Құнанбайұлы, облыстық Энергетика басқармасының бөлім басшысы:

– Тұрғындар өздері байқаған заңсыз қоқыс орындары, абаттандыру, санитарлық тазалық және басқа да мәселелер бойынша шағымдары мен өтініштерін жолдай алады. Бұл «eGov Mobile» қосымшасы, «Таза Қазақстан» сайты және Telegram ақпараттық сервисі арқылы жүзеге асырылады. Бүгінде жыл басынан бері басқармаға 826 өтініш келіп түскен. Оның 805-і орындалды, ал қалған өтініштер қазір қаралу үстінде.

Тазалық жұмыстарына қала жастары да үлес қосып жүр. Мәселен, бүгін еріктілер мен «Жасыл еңбек» жасағының 80 сарбазы Желтоқсан мен Көшек батыр көшесінің қиылысындағы жасыл аумақты қоқыстан тазартты. Жалпы жыл басынан бері осындай акцияға 7 мың жас қатысқан.

Аққанат Болат, қалалық Жастар ресурстық орталығының маманы:

– Жастарымыз – еліміздің болашағы. Сондықтан қаламыздың көркеюіне, дамуы мен гүлденуіне жастар да өз үлестерін қосып келеді. Осы акция аясында 74 сенбілік ұйымдастырылды. Сенбіліктер барысында 5 тонна қалдық шығарылды.

Өңірде тазалық және абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында 1 210 шақырым арық жүйесі тазартылып, 800 мың шаршы метр саябақ аумағы абаттандырылды. Нәтижесінде 13 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Авторлары: Мерей Бает Тимур Сейілхан Тараз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz