Жетісу облысындағы перзентхана күрделі жөндеуден өткізіліп, жанына қосалқы ғимарат салынып жатыр. Оның құрылысына елге қайтарылған активтер есебінен 8,7 млрд теңге бөлінді. Ғимаратқа енді заманауи медициналық құрылғылар орнатылады. Бұрын-соңды болмаған жаңа бөлімшелер ашылады. Жоба шекаралас аймақтағы 130 мыңнан астам халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсартуға сеп болмақ, деп хабарлайды 24KZ.
Жаркент қаласындағы перзентханада жылына 3 мыңнан аса сәби дүниеге келеді. Қазір нысан бастан-аяқ жаңартылып жатыр. Себебі 20 жыл бұрын пайдалануға берілген мекеме бұған дейін бірде-бір рет жөндеу көрмеген.
Аида Тұрғанова, Панфилов ауданының тұрғыны:
– Соңғы рет 2020 жылы келгенмін. Ұл босанғанмын. Ол кезде іші кішкене ескілеу еді. Бұйырса, енді одан да күштірек болып, төсек-орын барлығына реттеп жөндеп берсе, жақсы болар еді.
Мердігер мекеме өкілдері құрылысты былтыр бастады. Тоғыз айда олар тиісті жұмыстың басым бөлігін аяқтаған. Қазір қосалқы ғимаратты жасауға күш салып жатыр.
Бейбіт Әшімов, мердігер мекеме өкілі:
– Қазір үшінші этаждың монолитін құямыз. Астынан, жертөледен бастап кірпіш қалау, әрлеу жұмыстарын бастаймыз. Бұрынғы көлемі 6348 шаршы метр болған. Қазіргі салынып жатқан ғимаратпен 11854 шаршы метр болады. Сонда 5371 шаршы метр қосылады.
Перзентханаға жеке жылыту қазандығы орнатылып, инфрақұрылымдық желілері жаңартылады. Құрылысты жыл соңында аяқтап, шекаралы аймақ тұрғындарының сапалы медициналық қызмет алуына жағдай жасау көзделген. Осы мақсатта қажетті мамандар жұмысқа алынып, кардиохирургия мен аритмология, нейроинсульттік және науқастарды оңалтуға арналған бөлімдер ашылады.
Айдын Елікбаев, панфилов аудандық ауруханасының директоры:
– Инсультпен және жүрек қан тамырлары ауруларымен көп науқастар болады. Соларды облыс орталықтарға апармай, ангиографтың көмегімен диагностика және емдеу шараларын жүргізуге болады.
Жетісу облысында қайтарылған актив есебінен 3 жылда 21 әлеуметтік нысан салынды. Тағы сегізінің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев
Тегтер #24KZ #Жетісу облысы #перзентхана #ғимарат #әлеуметтік нысан #ЖаркентPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz