RU
Толық нұсқаға өту

Елде геологиялық барлауға $500 млн бөлінеді

13.10.2026, 08:40 36

Елде геологиялық барлауға бөлінетін мемлекеттік қаржы 10 есе ұлғайды. Алдағы үш жылда салаға шамамен 500 миллион доллар бөлінеді, деп хабарлайды 24KZ.

Қаражат жаңа кен орындарын анықтап, минералдық-шикізат қорын толықтыруға жұмсалады. Бүгінде «Тау-Кен Самұрық» компаниясы іздестіру жұмыстары кезінде 8 тоннадан астам алтын мен 150 мың тонна мыс қорын растаған. Ал Қазгеология қазір жеті өңірде 55 мың шаршы шақырым аумақта зерттеу жүргізіп жатыр.

Жер қойнауындағы байлықты анықтау үшін геологиялық барлау жұмыстарының ауқымы кеңейіп келеді. Әсіресе мұнай-газ қорын толықтыруға басымдық берілген. Саланы қаржыландыру көлемі 2023 жылы 152 млрд теңгеден асса, 2024 жылы 169 млрд теңгеге жуықтады. Былтыр 124 млрд теңге бағытталған.

Сындыбек Бисенгалиев, ҚР ЭМ жер қойнауын пайдалану департаментінің басқарма басшысы:

– Негізгі жұмыстар мұнай өлкелерінде, яғни Маңғыстау, Атырау, БҚО-да жүргізіліп жатыр. Ал Ақтөбе, Қызылорда, Ұлытау облыстарында жаңа перспективалы учаскелер зерттеліп жатыр. Өзен Северный, Қаратон, Торғай, Жылыой, Березовский деген кен орындары қазіргі таңда сырт елдерден инвестиция көзі тартылып, сонымен бірге жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Инвестиция тартудың жаңа тетіктері аз зерттелген аумақтарды игеруге жол ашады», – дейді сарапшы. Мәселен, Каспий маңы бассейні жақсы зерттелгенімен, Балқаш өңіріндегі мұнай-газ әлеуеті бар аумақтар әлі де терең игеруді қажет етеді. Сондықтан енді инвесторлар алдымен өз қаражатына геологиялық барлау жүргізіп, лицензия алады. Егер зерттеу нәтижесінде пайдалы қазба қоры анықталып, расталса, келісімшарт жасалады. «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы былтыр алтын, мыс және сирек жер металдарын барлауға үш лицензия алды. Барлау жұмыстарының нәтижесінде бірқатар кен орнында пайдалы қазбалардың қоры расталды. Атап айтқанда, Қаратас жер қойнауы учаскесінде мыс мөлшері 0,35-тен 0,46 пайызға артқан. Қазір мұнда технологиялық сынамалар алынып жатыр. Артынша гидрогеологиялық және геотехникалық зерттеулер жүргізіледі.

Айдос Асқаров, «Қаратас» жобасының жетекшісі:

– Біз Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Қаратас кен орнындамыз. Бұл кен орнында «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы 2025 жылдан бері далалық геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда аралық нәтижелермен бөлісетін болсам, 9 мың метрден астам ұңғыма бұрғыланды. Барлық ұңғымалар руданы қиып өткен. Бұл жерде болашақта экономикалық тұрғыдан өндіруге сай кен орны болатынына сенімдіміз.

Ал жасанды интеллект геологиялық керндерді талдауды жеделдетіп, жұмыс өнімділігін арттыруға және құжаттарды әзірлеу уақытын қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. Жүйе Жосабай кен орнында қолданылған. Талдау дәлдігі 80 пайыз. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу көзделген.

Автор: Дильназ Тұрғазыева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz