RU
Толық нұсқаға өту
фото: gov.kz

Құрылыс нысандарының қолжетімділігіне қойылатын талаптар күшейтілді

13.10.2026, 10:34 44

1 қазандағы мәлімет бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтық департаменттеріне пайдалануға берілетін құрылыс нысандарының мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын азаматтарға қолжетімділігін растау үшін 562 өтініш түскен. Оның 147-сі бойынша сәйкестік декларациясы келісілген. Бұл – барлық өтініштің 26%-ы. Ал 259 өтінішке, яғни 46%-ына келісім берілмеген. Қалған өтініштер әлі қаралып жатыр, деп хабарлайды «24KZ»

Келісім берілмеуінің негізгі себептерінің бірі нысандардың құрылыс нормалары мен ережелерінде белгіленген қолжетімділік талаптарына сәйкес келмеуі. Мысалы, кейбір пандустарда тұтқалар жоқ немесе олар дұрыс орнатылмаған. Сондай-ақ ғимараттардың да есіктері тар. Мұндай кемшіліктер азаматтардың ғимаратқа қауіпсіз кіріп-шығуына және ішінде еркін қозғалуына кедергі келтіреді.

Сонымен қатар өтініштердің бір бөлігі декларацияны қолжетімділік талаптары бойынша келісу міндетті емес нысандарға да қатысты түскен.

Биыл 1 шілдеден бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері құрылыс нысандарының мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын азаматтарға қолжетімділігін зерделейді. Сондай-ақ нысанның талаптарға сәйкестігі туралы декларацияларды келіседі. Аталған міндет Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі күшіне енуіне байланысты енгізілді.

Декларацияны қарау кезінде аумақтық департаменттер азаматтардың ғимаратқа кіріп-шығуына және оның ішінде қозғалуына қажетті жағдайлардың жасалғанын тексереді. Бұл ретте олардың келісімі тек нысанның қолжетімділік талаптарына сәйкестігіне қатысты беріледі. Ал құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына, олардың жобаға сәйкестігіне және нысанды пайдалануға қабылдауға тапсырыс беруші, мердігер және құрылыстың басқа да қатысушылары өз құзыреті шегінде жауап береді.

Нысанның қолжетімділігін тексергенде пандус пен тұтқаның бар-жоғына ғана емес, адамның ғимаратқа қауіпсіз кіріп, ішінде еркін қозғалуына және қажетті қызметтерді пайдалана алуына да мән беріледі. Атап айтқанда, кіреберіс пен жүріп-тұру жолдарының қолжетімділігі, пандустардың, тұтқалар мен есік ойықтарының белгіленген талаптарға сай болуы, сондай-ақ санитарлық бөлмелердің қолжетімділігі де бар. Бұдан бөлек, ғимаратта қажетті ақпараттық белгілер мен көру, сипап сезу арқылы бағыт-бағдар алуға көмектесетін құралдардың бар-жоғына назар аударылады. Арба қолданатын, көру және есту қабілеті бұзылған адамдардың қажеттіліктері де ескеріледі.

Ғимараттардың қолжетімді болуы тек мүгедектігі бар адамдар үшін ғана емес, аға буын өкілдеріне, уақытша жүріп-тұруы қиындаған азаматтар мен балалар арбасын пайдаланатын ата-аналар үшін де маңызды. Сондықтан басты мақсат әр адамның ғимаратқа қауіпсіз кіріп, қажетті қызметтерді еш кедергісіз пайдалануына жағдай жасау.

Министрлік құрылыс нысандарын пайдалануға бермес бұрын қолжетімділікке қатысты кемшіліктердің алдын алуға баса назар аударады. Бұл жұмыс азаматтардың ғимараттар мен қажетті инфрақұрылымды кедергісіз пайдалануына жағдай жасауға бағытталған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz