13 қазаннан бастап елімізде жедел жәрдем шақыру мен оның жұмыс істеу тәртібі өзгерді, деп хабарлайды «24KZ». Енді тұрғындар такси сияқты жедел жәрдемнің де қай жерде келе жатқанын телефоннан бақылай алады. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі күшейтіліп, шақыртуларды бөлу жүйесі де жаңартылды.
Басты жаңалықтардың бірі – пациенттерге жедел жәрдем көлігінің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік берілуі. Әзірге бұл пилоттық жоба Ақтобе мен Шымкент қалаларында ғана іске қосылды. «103» нөміріне хабарласқаннан кейін пациент такси шарту сервистерінің принципі бойынша арнайы қосымша арқылы бригаданың қай жерде келе жатқанын көре алады. Қосымшасы жоқ азаматтарға көліктің орналасқан жері көрсетілген сілтемесі бар SMS-хабарлама жіберіледі.
Бұл функция тек өмірге тікелей қатер төнген бірінші санаттағы шақыртулар үшін ғана қолданылады. Сынақ мерзімі 2026 жылдың соңына дейін жалғасады, ал нәтижесі сәтті болса, жүйе басқа өңірлерде де енгізілуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл диспетчерлерге түсетін қайталама қоңыраулар санын азайтуға айтарлықтай көмектеседі.
Қағидаларға сәйкес, төртінші санаттағы шақыртулардың атауы "шұғыл емес жағдайлар" болып өзгертілді. Бұл – пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төндірмейтін жіті аурулар немесе созылмалы сырқаттардың асқынуы.
Жедел жәрдемді енді қанша күту керек?
Қағидалар жаңарғанымен, медициналық бригадалардың келу уақыт нормативтері өзгеріссіз қалды.
Бірінші санат - өмірге тікелей қатер төнген жағдайда 10 минутқа дейін.
Екінші санат - медициналық көмек көрсетілмесе, жағдайы өмірге қауіп төндіруі мүмкін болса 15 минутқа дейін.
Үшінші санат - денсаулыққа ықтимал қатер төнген жағдайда 30 минутқа дейін.
Шұғыл емес жағдайлар - өмірлік маңызды функциялардың айқын бұзылуынсыз өтетін аурулар мен асқынулар кезінде 60 минутқа дейін.
Келу уақыты шақырту медициналық бригадаға берілген сәттен бастап есептеледі.
Осылайша, төртінші санаттың атауының өзгеруі күту уақытының ұзарғанын немесе көмек алу тәртібінің өзгергенін білдірмейді.
Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бригада мүшелерінің видеожетондармен міндетті түрде жарақаттануы талап етіледі. Құрылғылар көмек көрсету кезінде аудио және видео жазба жасауға арналған.
Әзірге бұл жабдық жергілікті бюджет ескеріліп, Алматы, Қарағанды, Жетісу, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында ғана сатып алынды. Министрлік бұл шара медицина қызметкерлерін пациенттер тарапынан болатын агрессия мен түрлі жанжалды жағдайлардан қорғауға септігін тигізеді деп есептейді. Егер медиктердің өміріне қауіп төнсе, шақырту полиция қызметкерлерінің қатысуымен өтеді.
Тегтер #24жаңалықтар #Жедел жәрдем #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz