Қазақстанда 2029 жылға қарай ішкі туристер санын 11 миллионға жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта туристік инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және өңірлердің туристік әлеуетін арттыру шаралары қолға алынған. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
2025 жылы Щучье-Бурабай курорттық аймағын, Маңғыстау туристік аймағын және Алматы тау кластерін кешенді дамыту жоспарлары әзірленді. Құжаттарда көлік және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа туристік нысандар салу, қызмет көрсету сапасын арттыру және инвестиция тарту көзделген.
Сонымен қатар еліміздегі туристік бағыттардың сервистік инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасып келеді. 2021–2025 жылдары туристік аумақтар мен жол бойындағы қызмет көрсету орындарында 483 санитариялық-гигиеналық торап іске қосылған. Оның 219-ы 2024 жылы, тағы 110-ы 2025 жылы орнатылған.
Бұдан бөлек, туристік саланы дамытудың жаңартылған тұжырымдамасы аясында алты бағыт бойынша 66 іс-шара қарастырылған. Олар инфрақұрылымды жетілдіруді, инвестиция тартуды, туристік өнімдерді дамытуды және қызмет көрсету сапасын арттыруды қамтиды.
Туристік аймақтарды кешенді дамыту және сервистік инфрақұрылымды жақсарту ішкі туризмнің әлеуетін арттыруға бағытталған. Бұл шаралар ел ішінде саяхаттауға қолайлы жағдай жасап, 2029 жылға белгіленген межеге жетуге ықпал етуге тиіс.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz