Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Емтиханды бірінші рет тапсыра алмағандар келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады. Ал екінші әрекет те сәтсіз болса, дайындалуға 10 күн беріледі. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
ІІМ көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру қағидаларына түзетулер әзірлеген. Өзгерістер мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған.
Емтиханды бірінші рет тапсыра алмасаңыз, келесі жұмыс күні қайта тапсыруға болады. Екінші рет те сәтсіз болса, дайындалуға 10 күн беріледі. Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмасаңыз, сол емтиханды кейін қайта тапсыру ақылы болады. Бұл шара емтиханға қосымша дайындалу үшін енгізіліп отыр, – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранова.
Сонымен қатар теориялық емтиханды тапсырып, практикалық сынақтан өте алмаған үміткердің теориядан алған нәтижесі сақталады.
Көлік құралын қайта жабдықтағаннан кейін оны бөлек тексерту талабы да алынып тасталады. Оның орнына енгізілген өзгерістің қауіпсіз екенін растайтын құжатты ұсыну жеткілікті болады.
Шетелдік жүргізуші куәлігін Қазақстанның жүргізуші куәлігіне ауыстыру үшін алдымен теориялық емтихан тапсыру қажет. Бұдан бөлек, жол қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті орган куәлікті берген елге ресми сұрау жібереді. Сол елдің құзыретті органы құжаттың түпнұсқалығын растағаннан кейін ғана куәлік ауыстырылады. Бұл талап жалған құжаттарды пайдаланудың алдын алуға бағытталған.
ІІМ мәліметінше, енгізілетін өзгерістер мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін жеңілдетуге және құжаттардың түпнұсқалығын тексеруге бағытталған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #ІІМ #жүргізуші куәлігіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz