RU
Толық нұсқаға өту

Ғылымға – инвестиция, елге – игілік

13.10.2026, 13:40 39

Ғылымдағы тың ізденіс пен жаңа технологиялар елдің дамуына серпін береді. Бүгінде қазақстандық жас зерттеушілер ғылыми жобаларын жүзеге асырып, жаңалықтарын тәжірибеде қолданудың жолын қарастырып жатыр. Солардың бірі – биологиялық шикізаттан пайдалы материал алуды зерттеп жүрген жас ғалым Келешек Жаңылысов, деп хабарлайды 24KZ.

Келешек Жаңылысов он жылдан бері ғылым жолында тынбай еңбек етіп келеді. Ол жануарлардың сүйегін ұнтақтап, оны стоматология саласында қолданудың әдістерін зерттейді. Ғылыми жобасын жүзеге асыру үшін 2024 жылы грант ұтып алып, мемлекеттен 90 млн теңге көлемінде қолдау алған.

Келешек Жаңылысов, жас ғалым:

– Менің ғылыми жобам – гидроксиапатитті синтездеу. Гидроксиапатит дегеніміз – сиырдың, жылқының немесе қойдың сүйектерінен, сондай-ақ жұмыртқа қабықшасынан алынатын материал және оны ұнтақтау арқылы жаңа функционалдық қасиеттерін зерттеу. Қазіргі таңда гидроксиапатит медицинада, әсіресе стоматологияда кеңінен қолданылады. Мысалы, Швецияда сүйек тінін қалпына келтіруге арналған материалдар өндіретін биотехнологиялық компаниялар бар. Олар жануарлардың сүйектерін арнайы өңдеу арқылы ұнтақ түріндегі материал алады. Бұл материал тіс имплантын орнату кезінде сүйек тінінің өсуіне және қалпына келуіне көмектесу үшін қолданылады. Мұндай материалдардың бағасы 1 грамына шамамен 100 АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін.

Жанар Меңдігерей, тілші:

– Ғылыми ізденістен нақты нәтиже көріп, өнім шығару – ғалым үшін үлкен жетістік. Ол үшін тың идея мен еңбекпен қатар қомақты қаражат керегі де жасырын емес. Елде жас зерттеушілерге қолдау болатын түрлі бағдарламалар бар.

Солардың бірі – «Жас ғалым» гранттық бағдарламасы. 2022–2025 жылдар аралығында осы бағытта 941 ғылыми жоба мақұлданып, оларды қаржыландыруға 23 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Қолдау қаржыландырумен шектелмейді. Жас зерттеушілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, ғылыми жетістіктерін ынталандыру және халықаралық тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беру де маңызды. Тұрғын үй бағдарламалары аясында жас ғалымдарға 803 пәтер берілген.

Алмас Ғаухар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары:

– Қосымша қолдау тетіктері ол біздің жас ғалымдардың ғылыми жетістіктерін ынталандыруға, мойындатуға бағытталған мемлекеттік ғылыми стипендиялар және сыйлықтар болып табылады. Оған қосымша жас ғалымдардың әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылатын бір мәселе – тұрғын үй бағдарламасы. Яғни бұл бағдарлама шеңберінде 803 жас ғалымға пәтердің кілттері табысталды. Оның ішінде 660 пәтер Отбасы банкімен бірлесіп, 143 пәтер Алматы қаласында мемлекет басшысының тапсырмасымен орындау нәтижесінде өтеусіз табысталған. Осылайша, жас ғалымдарды қолдауына ғылыми жобаларды іске асырудан бастап, ғылыми жетістіктерді мойындатуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге дейінгі кешенді жұмыстар қарастырылған.

Ғылыми жобаға қаржы құйып, өнімге айналдыру маңызды. Осы ретте мемлекеттік қолдаудан бөлек, бизнес өкілдері де белсендірек болып, жобаға жан бітірсе, ел экономикасы ілгерілейді.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

– Жас ғалымдарға салынған қаражаттың мультипликативтік себебі өте көп. Яғни сол ғылыми жоба ашып, оны кәсіпке салып, халыққа пайдалы өнімге шығаратын болса, бір ғана жобаның өзінен қаншама жұмыс орындары, қаншама салық салынатын база біздің экономикамыздағы дайын өнімнің үлесін арттырады. Сырттан келетін дайын импорттық тауарларға бәсеке болады. Үшіншіден, жалпы біздегі ғылыми потенциалдың, ғылымға салып отырған қаржының қайтарымы осы жерде көрінеді. Дәл қазіргі уақытта ғылымға салынып отырған қаржы тек қана қағаз жүзінде қалып жатыр. Біз кәсіпке айналдырып, нақты өніммен байланыстыратын болсақ, қайтарымы да, табысы да жоғары болады.

Ғылыми жоба зертханада шаң баспай, өнімге айналса ғана халық игілігіне жарайды. Оның экономикалық қайтарымы еселеп артады. Мемлекеттің ғылыми әлеуетімізді көтеруге баса назар аударуының себебі де осы.

Авторлары: Жанар Меңдігерей, Мадияр Қындыбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz