RU
Толық нұсқаға өту
фото: polisia.kz

Telegram-дүкен арқылы есірткі сатқан топ мүшелері 16-17 жылға сотталды

13.10.2026, 12:53 34

Көлік полицейлері есірткі саудасымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады, - деп хабарлайды «24KZ» Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Көліктегі полиция департаментінің Қызметкерлері Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен Астана қаласында және еліміздің басқа да өңірлерінде «Pitbullshop» Telegram-дүкені арқылы есірткі заттарын жүйелі түрде сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі.

Жедел іс-шаралар нәтижесінде 25 пен 40 жас аралығындағы бес күдікті анықталып, ұсталды. Топ мүшелерінің арасында міндеттер нақты бөлінген. 35 жастағы ұйымдастырушы қылмыстық әрекеттерге басшылық жасап, жеткізілімдер мен қаржы ағындарын бақылаған. 26 жастағы қатысушы оператор ретінде интернет-дүкеннің жұмысын жүргізіп, оны ілгерілетумен айналысқан. Ал 25 және 40 жастағы екі ер адам есірткі заттарын өлшеп-орап, жасырын орындарға орналастыруға жауапты болған. Топтың тағы бір мүшесі есірткіні бөлшек сауда арқылы өткізіп, жаңа курьерлерді тартқан. 

Тергеу барысында топтың қылмыстық әрекеті кезінде шамамен екі мың жасырын орын ұйымдастырылғаны анықталды. Заңсыз саудадан түскен қаражаттың жалпы айналымы 90 миллион теңгеден асқан. Өткен жылдың жазында күдіктілер ұсталды. 

Жедел іс-шаралар барысында полицейлер 165 грамнан астам марихуана мен каннабис шайырын тәркіледі. Сонымен қатар қаптама материалдары, электрондық таразылар, банк карталары, ақша қаражаты және қылмыстық әрекетте пайдаланылған өзге де заттар тәркіленді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Сот бес айыпталушының барлығын кінәлі деп танып, топ ұйымдастырушысын 17 жылға, қалған төрт қатысушыны 16 жылға бас бостандығынан айырды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz