Қазақстандықтар үшін автокөлікті лизинг арқылы сатып алу талаптары жеңілдеді. Өнеркәсіп министрлігінің тиісті бұйрығы күшіне енді. Бағдарлама былтыр желтоқсан айында іске қосылған. Әзірге бұл тәсілмен небәрі екі адам көлік алды. Құжатта сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі белгіленіп, автолизингті пайдалану шарттары көрсетілді, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақстанда автокөлік өндірісі артып, темір тұлпар модельдерінің саны ұлғайып жатыр. Былтыр Алматыдағы зауытта жаңа маркалы көліктер шығарыла бастады. Тағы бір ірі жоба Қостанай облысында жүзеге асырылды. Қос бастамаға құйылған инвестицияның жалпы көлемі 313 млрд теңгеден асты. Жалпы елімізде ай сайын 20 мыңнан астам автомобиль өндіріледі. Биыл тоғыз айда шамамен 146 мың 500 көлік шығарылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үштен біріне артық. Сатылымдар да көбейді. Автокөліктердің басым бөлігі несиеге алынып жатыр.
Андрей Примоленный, Allur дилерлік орталығы сату бөлімінің басшысы:
– Қазір орташа мөлшерлеме 23 пайыз шамасында. Бұл – стандартты несие. Сонымен қатар жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы да бар. Азаматтар банктегі кезекке өздері тұрады.
2023 жылдан бері автонесиелер портфелі екі есе өсіп, 4 трлн теңгеге жетті. Оны алуға қойылатын талаптардың азаюы да сұранысқа ықпал етті. Банктер азаматтардың ресми табысын қатаң тексермей, несие бере алады. Бұл тәртіп жыл соңына дейін қолданылады.
Анар Мақашева, Қазақстанның Автокөлік Одағының президенті:
– 2026 жылдың қорытындысы бойынша автомобиль нарығының 3-10 пайыз аралығында өсуін күтіп отырмыз. Бұл қалған үш айда дилерлік желінің қалай жұмыс істейтініне байланысты болады. Несие бағдарламалары, дилерлердің арнайы ұсыныстары, сондай-ақ дилерлік орталықтардың екінші деңгейлі банктер және микроқаржы ұйымдарымен серіктестік бағдарламалары көлікті тиімді шарттармен ауыстыруға және сатып алуға сеп болады.
Өндіріс пен сауда көлемі артқанымен, ел жолдарында ескі көліктер әлі де көп. Жаңа автомобиль сатып алуды кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Қазақстан автокөлік одағының өкілдерінің айтуынша, сұранысты қымбат несиелер тежеп отыр. Сол себепті қазір жаңа темір тұлпарды сатып алуға мүмкіндік беретін қолжетімді қаржы құралдарын дамыту маңызды.
Анар Мақашева, Қазақстанның Автокөлік Одағының президенті:
– Ең бастысы – әлемде қолданылып жүрген, ескі көліктерді жаңасына ауыстыруға мүмкіндік беретін тәсілдерді енгізу. Солардың бірі – былтырдан бері іске қосылған жеке тұлғаларға арналған лизинг. Бұл Қазақстандағы барлық көлік лизинг арқылы сатылады деген сөз емес. Бұл – азаматтардың көлігін жаңартуына көмектесетін қосымша құрал. Адамдар өздеріне қолайлы тәсілді таңдай алады. Таңдау неғұрлым көп болса, жолдағы көліктердің жаңаруы да соғұрлым жылдам болады.
Лизингтің автокредиттен айырмашылығы – жасалған келісімшартқа сай көлік лизингтік компанияның меншігінде болады. Клиент автомобильді пайдаланып, ай сайын төлем жасайды. Шамамен үш жылда көлікті өзінде қалдыруға немесе басқа модельге ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Оны сатып алу келісімде шартта көрсетілген талаптарға байланысты болады. Құны 20 млн теңгеден аспайтын техника сыйақысының жылдық тиімді мөлшерлемесі 36 пайызға дейін болу керек. Ал баға одан жоғары болса, бұл көрсеткіш 46 пайызға дейін жетеді. Жеке тұлғаларға арналған автолизинг шетелде кең таралған. Мәселен, АҚШ-та автомобильдердің шамамен 40 пайызы осы тәсілмен сатылады. Алайда сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда бұл бағдарлама әзірге автокредитке тек балама ретінде ғана ұсынылып отыр.
Алексей Алексеев, автосарапшы:
– Біз лизингтің өзімізге тиімді түрін ойлап таптық. Бірақ ол автонесиеге ұқсайды. Адамдардың лизинг шартын жасасуға жаппай көшетіндей себеп көріп тұрған жоқпын. Өйткені пайыздық мөлшерлеме өте жоғары. Оның үстіне бастапқы жарна 20 пайызға тең. Мұндай жағдайда сатып алушыны бұл ұсыныстың тиімді екеніне сендіру оңайға соқпайды. Сондықтан лизинг шарттары жақсарды деп айта алмаймын.
Автолизинг алған адамның қаржылық жағдайы өзгерсе, келісімшарт талаптарын да ауыстыруға мүмкіндік бар.
Анар Мақашева, Қазақстанның Автокөлік Одағының президенті:
– Автолизингпен көлік алған азаматтар ай сайын төлем жасап отырады. Егер олар техниканы ауыстырғысы келсе немесе келісімнің қандай да бір шартын өзгерткісі келсе, мұны келісім аясында жүзеге асыруға болады. Ал несие рәсімдегендер қарызын үш айдан астам уақыт төлемесе, автомобиль айып тұрағына қойылып, иесі оны жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін. Лизингте кез келген мәселені келісім аясында реттеу біршама жеңіл. Мысалы, кепіл мүлкін ауыстыруға немесе төлем мерзімін ұзартуға болады. Осы тұрғыдан алғанда, лизингтің шарттары тиімдірек.
Мамандардың пікірінше, лизинг шарттары икемді, түсінікті әрі ең бастысы, клиент үшін тиімді болуы керек. Бағдарламаның нәтижесін тек жаңа көліктер көпшілікке қолжетімді болған кезде ғана бағалауға болады. Сарапшылар автомобиль паркін жаңарту үшін жеңілдетілген автонесиелеуді қоса алғанда, қолжетімді бағдарламаларды көбейту қажет деп санайды.
Авторлары: Дариға Ташенова, Роза Сатқанова
Тегтер #24KZ #автолизинг #Астана #Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі #автонесиеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz