RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбеде жылыту маусымы басталды

13.10.2026, 14:20 38

Ақтөбеде жылыту маусымы басталды. Осыған байланысты құтқарушылар тұрғын үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіріп жүр. Мамандар пештер мен мұржалардың жай-күйін, электр желілерінің қауіпсіздігін тексереді. Негізгі мақсат – өрттің алдын алып, тұрғындарды газдан улану қаупінен қорғау, деп хабарлайды 24KZ.

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бірінші кезекте жеке баспаналар шоғырланған аудандарды аралайды. Оның ішінде саяжайлар ерекше назарда. Себебі кейбір үйлерде әлі күнге дейін көмір жағып отыр. Құтқарушылардың айтуынша, бұл баспаналарды жалын шығып, ыстан улану қаупі жоғары. Сондықтан рейд кезінде әлеуметтік осал топтағы отбасыларға түтінді анықтап, белгі беретін арнайы құрылғылар үлестірілді.

Кемел Қаражанов, қала тұрғыны:

– Бұл датчикті бірінші рет көріп тұрмын. Содан кейін оның не қызмет атқаратынын сұрап жатырмын. Сіздерге рақмет! Құтқарушылар жыл сайын келіп, тексеріп тұрады. Осы өрт сөндірушілер ағама да келіп, көмектесіп, жыл сайын жағдайын біліп кетеді. Жұмыстарыңызға рақмет!

Жыл басынан бері Ақтөбе облысында 406 өрт оқиғасы тіркелген. Тілсіз жаудың салдарынан 9 адам қаза тауып, тағы 9 тұрғын түрлі жарақат алды. Құтқарушылар төтенше жағдайдың негізгі себебі – қауіпсіздік ережелеріне салғырт қарауынан дейді. Әсіресе электр желілерінің қысқа тұйықталуы жиі кездеседі.

Аслан Мұхтар, облыстық ТЖД басқармасының бас маманы:

– Ток сымдарының қысқа тұйықталуының басты себебі мына үйдегі барлық электр қондырғыларының бір ток көзіне жалғау, қосу және қараусыз қалдыры кету. Одан бөлек дайындалып жатқан асты қараусыз қалдырып кету деген сияқты. Кішкентай балаларды үйде жалғыз қалдырған кезде сіріңкемен ойнауынан деген сияқты қарапайым өрт қауіпсіздігін сақтамауынан орын алып жатыр.

Өңірде «Ата-анаңның үйін тексер» акциясы да өтіп жатыр. Құтқарушылар тұрғындарды егде тартқан жандардың үйіндегі жылыту жүйесі мен электр желісінің қауіпсіздігін қадағалауға шақырады. Төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған рейдтік шаралар жылыту маусымы аяқталғанша жалғасады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz