RU
Толық нұсқаға өту
фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Бүйрек ауруларын ерте анықтауға арналған жаңа стандарт бекітілді

13.10.2026, 15:20 42

Елімізде бүйрек ауруларын ерте анықтауға, оны дер кезінде емдеуге, сондай-ақ диализ бен трансплантациялау шараларының қолжетімділігін арттыру мақсатында нефрологиялық көмек көрсетудің жаңартылған стандарты бекітілді, деп хабарлайды «24KZ».

Ақтауда өткен Орталық Азия нефрологтарының конгресіне Қазақстан, АҚШ, Италия, Польша, Түркия, Әзербайжан және Беларусь сияқты әлем елдерінен 310 білікті маман қатысты.

Жиында сарапшылар бүйрек ауруларын диагностикалау мен емдеудің озық әдістерін, диализ қызметінің сапасын арттыруды және бүйрек трансплантациясын ілгерілету мәселелерін жан-жақты талқылады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек басқармасының басшысы Майра Абдразақ: «Біздің міндетіміз – бүйрек ауруларын ерте кезеңдерде анықтап, емнің үздіксіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта медициналық көмек көрсету стандарттарын жетілдіріп, мамандандырылған орталықтарды дамытып, медицина кадрларын даярлап жатырмыз. Бүгінде резидентурада 50-ден астам болашақ нефролог білім алуда. Сонымен қатар 2026–2027 оқу жылында тағы 12 маман даярлау жоспарланған», – деп атап өтті.  

Жаңадан қабылданған нефрологиялық көмек көрсету стандарты пациенттер үшін өте тиімді болмақ. Ол науқастың емханадағы алғашқы диагностикасынан бастап, мамандандырылған ем алуына, диализге өтуіне және нақты медициналық көрсетілімдер бойынша бүйрек трансплантациясына дейінгі бірыңғай жолын жүйелі түрде реттейді.

Қазіргі таңда елімізде Республикалық нефрология орталығы және Трансплантаттау мен жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық нәтижелі қызмет атқаруда. 14 мыңнан астам пациент тұрақты түрде диализдік ем қабылдап жүр.

Салаға еніп жатқан цифрлық технологиялар дәрігерлердің мүмкіндіктерін кеңейтеді. E-Densaulyq жүйесі мамандарға пациенттің қай өңірде немесе қай медициналық ұйымда ем алғанына қарамастан, оның медициналық тарихына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Конгрестің қорытындысы бойынша ерте диагностикалауға, мамандар даярлауға және емнің қолжетімділігін арттыруға басымдық бере отырып, нефрологиялық қызметті дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеу ұсынылды.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz