Туризмге тартылған инвестиция 2,5 есе артты, деп хабарлайды «24KZ».
Қазақстан туризмді дамытуға салынған инвестиция көлемін екі жарым есе арттырды. Былтырдың өзінде жалпы құны 345 млрд теңге болатын 95 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асты. Саладағы кәсіпкерлер тапқан кірісінен 630 млрд теңге салық төледі. 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында ішкі туристер санын 11 млн-ға жеткізу міндеті қойылды. Ал сырттан келетін туристер ағыны 7 жылда 16 миллионға жуықтап, былтыр ел ішінде 3 млрд долларға жуық қаражат жұмсады. Қонақүйлер, шипажайлар мен орналастыру орындарының табысы 350 миллиард теңгеден асты.
Биыл елордаға 187 мың шетелдік турист келді
Турист /АҚШ/:
– Астанаға алғаш рет табаным тиді. Қаланың сәулеті ерекше екен. Өзім АҚШ азаматымын. Есімім Сэм. Бүгін күн райы да тамаша болып тұр.
Турист /Германия/:
– Германиядан келдім. Кәсіпкермін. Астанаға бұл үшінші рет келуім. Бүгін демалыс алып, қаланы арнайы аралап жүрмін. Бұрынғыдан да ұнап жатыр. Алматыдан өзгешелігі бар. Көшелері кең.
Турист /Филиппин/:
– Астанаға бірінші рет келіп тұрмыз. Шаһар тыныш болып көрінді. Адамдары жылы шырайлы. Болашақта тағы келгіміз келеді.
Турист /Польша/:
– Қазақстанға алғаш рет келуім. Алдымен Алматыны көрдім. Таулары керемет. Енді Астананы аралап жүрмін. Қызықты орындар көп екен. Қатты ұнап жатыр.
Турист /Ресей/:
– Сіздерде транзитпен 3 күнге аялдап, әрі қарай Қытайға жол тартамыз. Мақсатымыз қаланың мәдениетімен, көрнекі жерлерімен танысу. Айнала әдемі, әсем ғимараттар таңқалдырады екен.
MasterCard деректері бойынша елордаға келген турист күніне орта есеппен 230 доллар жұмсайды. Шетелдіктер кемінде 3 күн аялдайды. Сонда бір саяхатшы 690 долларын қалтадан шығарады. Тағы бір қызықты дерек, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, Астанаға келетін шетелдік туристердің жартысынан көбі Ресей мен Қытайдан табан тірейді. Түркия, АҚШ, Германиядан келетін туристер ағыны да айтарлықтай артқан.
Былтыр Астанаға 1 млн 600 мың адам келді. Биылғы 6 айда 830 мыңға жуық саяхатшы ат басын бұрды. 187 мыңы шетелдік турист. 7 пайыз өсім бар. Америка Құрама Штаттарынан келетін турист саны 11 пайызға, Германиядан сапарлайтындар 5 пайызға көбейген.
2025 жыл - 1,6 млн турист
2026 ж. ІІ тоқсан - 829 073 турист
Шетелдік - 187 мың турист
Жалпы өсім – 7%
АҚШ - 11%
Германия - 5%
Тегтер #Қазақстан #туризм #инвестиция #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz