Кейінгі 9 айда бір ғана Қорғас порты арқылы 7 мың жүк пойызы өткен. Елде қалыптасқан халықаралық дәліздер трансшекаралық сауда мен транзиттің артуына түрткі болып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
– Қазақстанның географиялық орналасуы халықаралық саудадағы экономикалық артықшылыққа айналды. Бұл стратегиялық мүмкіндікті Мемлекет басшысы алдын ала көріп, еліміздің транзиттік-логистикалық әлеуетін нығайтуды негізгі бағыт ретінде айқындап берген. Енді қазір жалғыз Қытай емес, бүкіл Еуропа Қазақстанның транзиттік әлеуетін мойындап, елімізге қарай тартыла бастады.
Қазір Қытай елі Еуропаға экспорттық тауарларын Қазақстан арқылы жібергенді жөн көреді. Көрші ел құрлықпен жөнелтетін жүктерінің 85 пайызын біздің жолдармен тасымалдап отыр. Өйткені бұл бағыт тұрақты, қауіпсіз, ең бастысы, жүк жылдам жетеді. Мәселен, бір ғана Қорғас порты Қытайды 18 мемлекеттің 46 қала және аймағымен байланыстырып тұр. Бұл жолмен Еуропаға кейінгі 9 айда 12 млн тонна жүк жөнелтілген. Бүгінде еліміздің аумағында 12 халықаралық көлік дәлізі бар. Оның бесеуі теміржол, жетеуі автомобиль жолдары. Кейінгі 5 жылда Қазақстанда салынған және қайта жаңғыртылған теміржол желісі 5 мың шақырымға жуықтайды. Тағы 11 мыңы жөнделіп жатыр. Алдағы жылдары 2 мың шақырымынан аса жаңа теміржол салу жоспарда. Бұл еліміздің Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік көпір ретіндегі стратегиялық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ ұлттық көлік-логистика жүйесінің тиімділігін арттыра түседі. Қазақстан мен Қытай жүк тасымалы да жылдан жылға артып келеді. Екі ел арасындағы көлік байланысының нәтижесінде өткен жылы теміржолмен тасымалданған жүк көлемі 11,1 пайызға өсті. Ал 2026 жылдың алғашқы 8 айында жүк тасымалы 25,1 миллион тоннадан асып, 8,3 пайызға жетті.
Екі ал арасын жалғап жатқан Достық-Мойынты желісінің екінші кезеңі пайдалануға беріліп, өткізу қабілеті едәуір артты. Қазір Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші шекаралық теміржол өткелін қалыптастыратын Бақты-Аягөз теміржол жобасы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар Алашаңқай және Алтынкөл-Қорғас өткізу бекеттерінің өткізу мүмкіндіктері кеңейтілуде.
Автор: Руслан Бақытбекұлы
Тегтер #Қытай #Еуропа #жүк көлігі #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz