RU
Толық нұсқаға өту

Елде жастар сәби сүюге асықпайды

14.10.2026, 08:00 44

Елде халық саны өскенімен, туу көрсеткіші бойынша біз де мақтана алмаймыз. Биыл 201 мыңнан аса сәби дүние есігін ашқан. Алайда бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 9 пайызға аз, деп хабарлайды 24KZ.


Мұның басты себебі – жастар отау құруға асықпайды. Ел көріп, жер көргісі келеді. Қызметте өсіп, ешкімге масыл болмай, өз бетінше күн көргенді қалайды. Сол себепті балалы болуды да кейінге шегереді. Бұл дұрыс па, бұрыс па? Ал екінші бір отбасы бір перзент сүюге зар.

Дильназ Тұрғазыева, тілші:

– Бұл есіктің ар жағында күн сайын жаңа өмір басталады. Мұндағы әрбір ана мен сәби – елдегі демографиялық ахуалдың бір бөлшегі. Бір отбасы үшін бұл – көптен күткен қуаныш, ал ел үшін – халық санының қалыптасуына әсер ететін маңызды фактор. Ал бұл көрсеткішке әлеуметтік жағдайдан бастап, отбасының бала санын жоспарлауына дейінгі түрлі фактор ықпал етеді.

Туу көрсеткішінің төмендеуі – бір ғана отбасының таңдауы емес, қоғамдағы өзгерістермен сабақтас үрдіс. Жас аналардың пікірі де отбасы құндылығы мен бала тәрбиесіне қатысты ұстанымдардың өзгергенін аңғартады.

Эльнура Рүстемқызы, жас ана:

– Менің ойымша, қазіргі жас отбасылардың бала санын аз жоспарлауының бір себебі – аналардың өзіне көбірек көңіл бөліп, денсаулығына мән беруі.

№2 қалалық көпбейінді аурухананың перзентханасында биыл 7,5 мыңға жуық әйел босанған. Олардың 30 пайызы жуығы жасанды ұрықтандыру жолымен ана атанғандар.

Сұңқар Хангелдина, №2 қалалық көпбейінді аурухананың әйелдер денсаулығы бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санаттағы акушер-гинеколог:

Сіз 35 жасқа дейін алғашқы жүктілікті жоспарлап, сәбиіңізді дүниеге әкелуге үлгеруіңіз керек. Жалпы демографияның төмендеуіне әсер ететін көптеген фактор бар. Соның бірі – жас жұбайлардың баспана мәселесі. Бізге келетін пациенттер де: «Жүктілікті кеш жоспарладық. Алдымен бірнеше жыл жұмыс істеп, үй алайық дедік», – деп жатады. Яғни олар экономикалық және қаржылық қиындықтарға байланысты бала сүюді кейінге қалдыруға мәжбүр болады.

Кеш үйленудің бір қаупі сол сәби сүю мүмкіндігі қиындай түседі. Алайда тұрмысы түзу, тәуір жалақысы бар жаста адам ел көріп, жер көргісі келеді. Қызмет қуып, ақша жиямын дейтіндерде сәби сүюге құлықсыз.

Ал қызметте жүргендерінің бала қарауға уақыты жоқ. Дегенмен жұрттың бәрі мансап қуып жүрген жоқ. Бұл перзентханада тәулігіне отыздан астам нәресте дүниеге келеді. Олардың қатарында егіздер де бар.

Гүлназ Байшулакова, №2 қалалық көпбейінді аурухананың нәрестелер физиологиясы бөлімінің дәрігер-неонатологы:

– Физиология бөлімінде егіз нәрестелер жатыр. Олар 6-сы күні, жүктіліктің 38-аптасында дүниеге келген. Яғни айы-күні жетіп туған нәрестелер. Бірі – ұл, екіншісі – қыз. Ұл баланың салмағы 3 келіден асады, ал қыз баланың салмағы 2,5 келіден жоғары. Қазіргі уақытта екі нәрестенің де жағдайы жақсы.

«Ұрпағыңмен мың жаса, тұқымың өссін» деген бабадан қалған баталы сөз бар. Сәбидің іңгәлаған үні шаңырақтың шаттығы ғана емес, елдің ертеңін жалғайтын үн. Алайда бүгін сол қуаныштың үні бәсеңдеп, бесіктегі бөбектің саны сиреп кетпей ме деген де алаң бар. Мәселен, 2018 жылы 397 мыңнан астам сәби өмірге келсе, 2021 жылы 445 мыңға жетті. Ал 2024 жылы көрсеткіш күрт төмендеп, 366 мыңға түскен. Ал былтырғы көрсеткіш – 335.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Диас Ковланбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz