RU
Толық нұсқаға өту

Семейде жылыту маусымы басталғалы 68 өрт болды

14.10.2026, 08:15 33

Елде жылу беру маусымы енді ғана басталды. Алайда аз ғана уақытта 68 өрт шығып, үш адам көз жұмған. Бұған себеп – пештегі ақау мен қауіпсіздік талаптарының бұзылуы, деп хабарлайды 24KZ.


Таяуда Абай облысында да оқыс оқиға болған еді. Осындай жайттар енді қайталанбас үшін төтенше жағдай қызметі халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтті.

Жасы тоқсаннан асқан Надежда Каменская үй шаруасын өзі атқарады. Қарияның күтіміне мұқтаж ұлы бар. Жыл сайын жылыту маусымының алдында мамандар қарияның үйіне келеді. Олар пештің жай-күйін көріп, мұржасын тазартады. Сондай-ақ улы газды анықтайтын датчиктердің жұмысын тексереді.

Надежда Каменская, қала тұрғыны:

– Пеш жағамын, басқа амалым жоқ. 91 жаста болсам да, пеш жағуым керек. Көмектесетін ешкім жоқ. Мемлекеттің қарттарға қамқорлық көрсетіп жатқанына өте ризамын.

Төтенше жағдай қызметінің мамандарымен бірге еріктілер де көмекке келеді. Олар жалғызілікті қарияларға азық-түлік жеткізіп, ауласын тазалап, қоқыс шығарады.

Азамат Қарлыбаев, ерікті:

– Бүгін әжеге көмектесуге келдік. Ауласын тазалап, азық-түлік әкелдік. Қарт әжелерге көмектесу керек. Өйткені кейбіріне бізден басқа қол ұшын созатын адам болмауы мүмкін.

Облыста жылыту маусымы басталғалы жеті рет өрт болды. 12 қазанда болған өртте екі адам көз жұмды. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін мамандар жалғызбасты зейнеткерлердің үйлерін жыл он екі ай аралап, тексеріп отырады.

Бауыржан Әрінов, облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы:

– Бұл акцияның мақсаты – адамдардың қарт ата-анасының үйіндегі өрт қауіпсіздігіне назар аударту. Осы мәселеге ерекше мән беріліп отыр. Алайда өкінішке қарай, әрбір қарт адамның үйін тексеріп, жағдайын біліп тұратын балалары жоқ. Сондықтан біз бүгін көмекке мұқтаж қарияға қолдау көрсетуді жөн көрдік.

2022 жылдан бері құтқарушылар әлеуметтік осал топтағы азаматтардың үйлеріне түтін мен ысты анықтайтын датчиктерді тегін орнатып келеді. Осы уақыт аралығында облыста 15 мыңға жуық тұрғын үйге дабыл құрылғысы қойылды.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz