Шымкентте өрт ошақтарын анықтап, қоршаған ортаны қорғауға дрондар қолданыла бастады. «Ақылды жүйемен» жабдықталған құрылғылар әуе арқылы бақылау жасап, тілсіз жаудың алдын алуға септігін тигізді. Ұшқышсыз аппараттар стационарлық камералардың назарынан тыс қалған аумақтарды да қадағалайды. Нәтижесінде биылдың өзінде 38 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды 24KZ.
Ақжар шағын ауданындағы егістік алқабында шыққан өрттің негізгі себептері анықталды. Дронның әуеден түсірген кадрларынан мақсары қауызын өртеп жатқан екі адамның әрекеті анық көрінеді. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жарты гектардан астам жерді шарпыған өрттің салдары қауіпті болуы мүмкін екенін ескертті.
Асқар Шәріп, қалалық ТЖД ресми өкілі:
– Екі азамат ешқандай да өрт қауіпсіздік талаптарын сақтамаған. Дегенмен осы дрон арқылы біздің күштер мен құралдар дер кезінде жетуінің нәтижесінде өрттің әрі қарай таралып кетуіне және тұрғын үй секторына таралуына жол берілмеді. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 410-1-бабына сәйкес аталған екі тұлға ескерту түрінде тәртіптік шараға тартылды.
Шаһарда әуеден шолуға арналған дрондардың 16 стансасы жұмыс істейді. Жетілдірілген жүйемен жабдықталған аппараттар көкте 40 минуттай ұшып, 5 шақырым қашықтықты бақылауда ұстайды. Ондағы жылу камерасы қауіп көзін анықтап қана қоймай, күдіктілердің бет-әлпетін автоматты түрде тіркейді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
– Даладағы түтін мен егістіктегі отты енді алыстан-ақ байқауға болады. Биіктен бақылауға арналған ұшқышсыз аппараттар күмәнді әрекетті бірден тіркеп, фото-бейнежазбаны жедел басқару орталығына жолдайды. Яғни әрбір заңбұзушылық назардан тыс қалмайды. Ең бастысы, мамандар дер кезінде әрекет етіп, төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік алады.
Дрондар өрт ошағын анықтап қана қоймай, қоғамдық тәртіпті сақтауға да септігін тигізді. Биыл абаттандыру және тазалық талаптарын бұзу бойынша 38 мыңнан астам дерек тіркеліп, 109 млн теңге айыппұл салынды. Енді сот шешімімен кінәлілерді қоғамдық жұмысқа тарту тәжірибесі енгізіліп жатыр.
Данабай Әлиев, қалалық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары:
– Бірінші жолға ескерту береміз. Қайталанған жағдайда айыппұл шарасы көзделген. 20 айлық есеп мөлшерінде айыппұл шарасы көзделген. Әкімшілік іс сот құзырымен қаралады. Біз қазір сот алдында осындай азаматтарды қоғамдық жұмыстарға тарту шарасын қолдану туралы бастама көтеріп жатырмыз. 25 азаматқа қоғамдық жұмысқа тарту әкімшілік жазасы белгіленді.
Заманауи технологиялар стационарлық камералардың бақылауынан тыс қалған аймақтарды қадағалауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты дрон операторларын даярлау қолға алынып, ұшқышсыз аппараттардың санын көбейту көзделіп отыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #Шымкент #өрт #Дрондар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz