RU
Толық нұсқаға өту

Кітапқа құмар жастар көбейді

14.10.2026, 08:26 40

Қызылордада 300-ге жуық оқырман бір ортаға бірікті. Кітапқұмар жандардың қауымдастығы 8 жылдан бері түрлі танымдық шаралар өткізіп келеді. Басты мақсат – кітап оқуды насихаттау және әдеби орта қалыптастыру. Игі бастамаға өзге өңірдің жастары да қолдау білдірді, деп хабарлайды 24KZ.


Кітап клубының мүшелері апта сайын бас қосады. Мұнда оқырмандарға бір кітапты міндеттемей, белгілі бір бағыт немесе тақырып беріледі. Әркім өзіне ұнаған шығарманы оқып келіп, әсерімен бөліседі. «Бұл әдіс жастардың әдеби танымын кеңейтіп, жаңа авторларды ашуға жол ашады», – дейді клуб мүшесі Нұрай Қожанбай.

Нұрай Қожанбай, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті:

– Мен осы уақытқа дейін тек қазақ әдебиетін ғана оқитынмын. Осы клубта шетелдік классикалар, әдебиеттер барлығы оқылатын болғандықтан шетелдік классикаларға да қызыға бастадым. Кітап жалпы білім, ақыл, тілдік байлық, саналы ойлау, ой-өрісімізді арттыратын тегін құрал ретінде қарасақ болады.

Дәстүрлі кездесулерден бөлек, мұнда поэзия кештері, буккросинг, пікірталас пен киноталқылаулар өтеді. Сондай-ақ әдеби челлендж, интеллектуалды сайыстар ұйымдастырылады. Клуб қаламгерлерді қолдап, кітап тұсаукесерлері мен поэзия кештеріне белсене қатысады.

Ізбасар Әмір, кітап клубының жетекшісі:

– Дәл қазір Түркістан, Алматы және Астана қалаларында да қызылордалықтардың бастамасымен осындай жиындар өтіп жатыр. Яғни бұл бастама жылдан жылға кеңейіп, ауқымы артып келеді. Тек бір өңірмен шектелмей, өзге де аймақтарға барып, сол жердегі жастармен бас қосып, тәжірибе алмасудамыз.

Әдеби іс-шаралардан бөлек, клуб мүшелері игі бастамаларды да қолға алған. Олар өзара кітап алмасып қана қоймай, кітапханалар мен әлеуметтік мекемелерге кітап сыйлауды дәстүрге айналдырған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz