RU
Толық нұсқаға өту
Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

«Яндекстегі» ақаудан кейін депутат жеке деректердің қорғалуын тексеруді ұсынды

14.10.2026, 15:03 27

«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Ләззат Жылқыбаева азаматтардың дербес деректерін қорғау мәселесін көтерді. Ол Бас прокурор Берік Асылов пен Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды «24KZ».

Депутаттың айтуынша, цифрлық дәуірде азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау – адам құқықтарын қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Алайда соңғы оқиғалар бұл бағыттағы талаптардың орындалуына қатысты сұрақтар туындатып отыр.

Мәселен, 11 қазанда қазақстандықтар «Яндекс» компаниясының кейбір қызметтерін пайдалана алмады. Компания мұны шетелдегі инфрақұрылымдағы ақаумен түсіндірген. Ал министрлік пайдаланушылардың дербес деректері сақталатын серверлер Қазақстанда орналасқанымен, кейбір компоненттердің шетелде екенін растаған.

«Күн сайын азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем деректерін өңдейтін сервистің шетелдегі бір ақаудан тоқтап қалуы бұл деректердің нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтауды талап етеді», – деді депутат.

Білім беру ұйымдарында деректер ашық жарияланған

Ләззат Жылқыбаева азаматтардың жеке мәліметтерінің ашық жариялануына да назар аударды. Оның мәліметінше, Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы жеті білім беру ұйымы 529 қызметкердің дербес деректерін мемлекеттік сатып алу порталында жариялаған. Ал Семей қаласында қызметкерлермен қатар 344 кәмелетке толмаған баланың мәліметтері де ашық қолжетімді болған.

Депутаттың пікірінше, бұл жағдайлар деректердің таралуы тек ақпараттық жүйелерге жасалған кибершабуылдардан ғана емес, оларды сақтауға жауапты ұйымдардың әрекетінен де болуы мүмкін екенін көрсетеді.

«Бірақ одан кейін не болады? Деректерімізді кім қарайды? Қандай мақсатта пайдаланады? Біз мұны қалай бақылай аламыз?» – деп сұрақ қойды ол.

Әсіресе балалардың жеке мәліметтеріне ерекше назар аудару қажет. Себебі олардың тұрғылықты жері, оқитын мектебі, денсаулығы мен отбасының әлеуметтік жағдайы туралы ақпараттың жария болуы қауіп төндіруі мүмкін.

Депутат қандай шаралар ұсынды?

Ләззат Жылқыбаева депутаттық сауалында бес бағыт бойынша шара қабылдау қажеттігін атап өтті:

  • «Яндекс» қызметтеріне қатысты жағдай бойынша дербес деректердің шекарааралық берілуінің заңдылығын тексеру;
  • әлеуметтік нысандар мен оларға қызмет көрсететін компаниялардың деректерді жинау заңдылығын бағалау;
  • дербес деректерді бүркемелеу талаптарының сақталуын тексеру;
  • сала мамандарының біліктілігін арттырып, жергілікті атқарушы органдарға арналған бірыңғай тексеру әдістемесін әзірлеу;
  • деректері заңсыз жарияланған азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру тетіктерінің тиімділігін қамтамасыз ету.

Депутаттың айтуынша, азаматтар мемлекеттік қызметтерді алғанда, банкке жүгінгенде, емханаға тіркелгенде немесе баласын мектепке орналастырғанда жеке мәліметтерін ұсынады. Сондықтан оларды жинау, сақтау және пайдалану тәртібі қатаң бақылауда болуы керек.

«Цифрлық мемлекетке деген сенім азаматтың өз деректерінің қорғалатынына деген сенімінен басталады», – деп түйіндеді Ләззат Жылқыбаева.

Депутат жауапты тұлғалардан сауалда көтерілген мәселелер бойынша заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұрады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz