«Жаңа қоғамдық этика: мәдениет, әдеп, әдет». Оралда осындай атаумен республикалық форум өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Оған Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов қатысты. Бұл – Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында конституциялық органның өңірлерде өткізген алғашқы іс-шарасы. Форумда мыңнан астам қоғам өкілі, белсенді аналар мен сарапшылар бас қосты. Олар тәрбие, қоғамдағы адамгершілік құндылықтардың рөлі, білім беру және кітап оқу мәдениетін дамыту сияқты бірқатар маңызды мәселені қаузады. Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы алға қойған ауқымды міндеттерді іске асыруда Халық Кеңесі белсене атсалысатынын атап өтті. Себебі Конституциялық консультативтік органның басты миссиясы – жұртшылықты Президент реформалары мен бастамалары төңірегінде топтастыру.
Ерлан Қошанов, Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы:
– Баршаңызға мәлім, қазір еліміз тарихи өрлеу дәуіріне қадам басты. Ел өмірінің барлық саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылып, мемлекеттік басқару жүйесінде түбегейлі өзегірстер жасалып жатыр. Осындай тағдыршешті кезеңде біз біртұтас ұлт болып жаңа конституциямызды қабылдадық. Конституция еліміздің өсіп-өркендеуіне жол ашатын қастерлі құжат. Әрі халқымыздың жаңа дәуірдегі болмыс-бітімін айқындайтын темірқазығы. Сондықтан бәріміздің алдымызда тұрған аса маңызды мақсат – конституциямыздың басты құндылықтары мен мән-мағынасын халық арасында, әсіресе, жастарға жан-жақты түсіндіріп, кең ауқымда дәріптеу.
Тегтер #24KZ #республикалық форум #Орал #Батыс Қазақстан облысы #Ерлан ҚошановPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz