Тараз қаласында 16 мыңға жуық кітап оқыған тәжірибелі ұстаз тұрады. Жастайынан жинаған білімін шәкірттеріне үйретіп жүрген 49 жастағы Базарбай Дүйсенбаев «Дарын» лицей-интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Ол 2012 жылы елімізде алғаш рет ұйымдастырылған республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы атанған. Сондай-ақ кейіпкер көркем әдебиет оқумен ғана шектелмей, 10-ға жуық әдістемелік құралдың авторы атанып үлгерді. Кітапқұмар ұстазбен «24KZ» тілшісі сұхбаттасты.
– Базарбай мырза, кітап әлеміне қадам басуыңызға балалық шақтың қандай естелігі түрткі болды?
Бала кезімізде ауылдағы дүкенші апайымыз болатын. Қашан дүкенге кірсең де, қолынан кітап түспейтін, мәтінді оқып отырып кейде күліп, кейде көзіне жас алып отыратын еді. Сол көрініс бала жаныма ерекше әсер етті. Кейін ол кісі маған дауыстап оқып беретін, мен қасында ұйып тыңдайтынмын. Алғашқы кітабым – «Үш ноянды» әкеммен базарға барғанда сатып алғыздым. Міне, содан бастап ауыл кітапханасындағы кітаптарды тауысып оқи бастадым. Он бірінші сыныпты бітіргенімде кітапханашы қыз оқыған кітаптарымның саны 10 мыңнан асқанын айтты. Ол кезде қазіргідей гаджет жоқ, жас күнімізде қой бағуға шыққанда да қалтамызға кітап сала кететін едік. Қойды жоғалтып алып, әкемнен талай рет сыбағамды алдым – деп күледі кейіпкеріміз.
- Студенттік жылдарыңыз бен отбасылық өміріңізде кітаптың орны қалай көрініс тапты?
Қазақ тілі мен әдебиеті факультетін таңдаған соң, оқуға тиісті көркем әдебиеттер мен мерзімді басылымдардың көлемі де ұшан-теңіз болды. Кейде мұрнымыздан қан кеткенше берілген тапсырмаларды орындайтынқыз. Қалада оқып жүргенде бір зиялы қауым өкілдерінің үйінде тұрып, үй шаруасына көмектестім. Ол кісілердің үйінің қабырғалары қаз-қатар тізілген кітап еді. Сол орта менің ішкі әлеміме зор әсер етті.
Тіпті, өмірлік серігімді де кітап арқылы жолықтырдым десем артық айтпағаным. Ол кезде Мұқағали Мақатаевтың «Аманат» кітабына мемлекеттік сыйлық беріліп, елдің бәрі жапырлап сатып алып жатты. Менің стипендия күтіп жүрген уақытым еді. Стипендия түсісімен барсам, кітап таусылып қалыпты, қатты қамықтым. Бір қыз сол кезде мені кітап дүкенінен сырттай көріп жүрген екен. Бір оқу орнында оқитындықтан таныстығымыз бар еді. Бір күні сол қыз маған қол жеткізе алмай жүрген «Аманат» кітабын тауып, сыйға тартты. Қазір сол аяулы жанмен отасқанымызға 30 жылға жуықтады.
– Бүгінде мемлекет деңгейінде қолға алынып жатқан «Кітап оқитын ұлт» марафонына көзқарасыңыз қандай?
Иә, бұл жоба өте орынды бастама болды. Қазір республика бойынша бұл жобаның рейтингтік көрсеткішінде жұбайым екеуміз алдыңғы қатарда жүрміз. Қазір мен оны «көштен қалма» деп әзілдеп қайрап қоямын. Бұрын құрбыларымен кафе аралайтын жұбайым қазір кітап оқудан қолы тимейтін болды (күліп).
Қалада тұратын балаларыма да үнемі: «Маған ақша емес, кітап салып жіберіңдер» деймін. Өйткені ақша салсам, жеңгелерің басқа жаққа жұмсап қояды, – деп әзілдейді ұстаз. Дегенмен, отбасымызда руханиятқа деген көзқарас қашанда басқадан биік. Мәселен, мен өзімнің ай сайынғы тапқан жалақымның тұрақты түрде 10 пайызын тек жаңа кітаптар сатып алуға бағыттаймын. Өйткені білім мен рухани қазынаға құйылған инвестиция – ең қайтарымы мол инвестиция деп білемін.
– Өзіңіз жинаған мол кітап қорын жеке игілікке ғана қалдырмай, мектепке сыйлағаныңызды білеміз. Бұл шешімнің астарында қандай ағартушылық мақсат жатыр?
Бұрын жер үйде тұрғанда жеке кітапханамда 2000-нан астам кітап болатын. Кейін пәтерге көшкен соң, ол кітаптардың бәрін өзім жұмыс істейтін мектепке апарып қойдым. Себебі олар үйде шаң басып қалғанша, оқушыларымның санасын байытып, кәдесіне жарағаны әлдеқайда маңызды ғой. Бүгінгі таңда көркем поэзияны, қазақ ақын-жазушыларының өмір жолы мен тағдыры туралы шығармаларды көп оқимын. Ең сүйікті романым – «Ботагөз». Ал соңғы уақытта Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбай немесе жәбір сұлтаны» атты іргелі еңбегін оқып жатырмын. Уақытты сылтауратпай, әр бос сәтті рухани азыққа арнауға тырысамын
- Балаларды кітап оқуға қызығушылығын қалай оятасыз?
Менің өз әдісім бар: бір шығарманың ең қызықты жеріне келгенде тоқтап, «ар жағын өздерің тауып оқыңдар» деймін. Балалар «Түф, ағай, аяғын айта салыңызшы» деп жалынады. Бірақ мен айтпаймын, олар қызық көріп, сол кітапты іздеп тауып оқып келеді. Кейін сыныпта соны қызу талқылаймыз. Барлық оқыған кітапты миға түйіп қалу міндетті емес, ең бастысы – әрбір оқылған шығарма адамның жан дүниесін тазартып, рухани тұрғыдан кемелдендіреді.
Заманауи білім беру мен рухани жаңғыру үдерісінде Базарбай Дүйсенбаев сияқты ұлағатты ұстаздардың орны ерекше. Он алты мың кітапты жүрек сүзгісінен өткізген парасатты жанның әрбір ойынан ұлтқа деген шексіз сүйіспеншілік пен шын мәніндегі ағартушылық миссия көрініп тұр.
Президент айтқандай, бүгінгі алмағайып заманда жастарды цифрлық шу мен үстірт ақпараттан қорғайтын жалғыз құрал – кітап. Мен мұны ұстаздық жолымда тәжірибе жүзінде күн сайын көріп келемін. Саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін алдымен олардың жүрегіне кітап арқылы жол табуымыз керек.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz